Тоқал емес, көңілдес - журналист қоғамдағы өзекті мәселе туралы

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда “тоқал алу” тақырыбы қоғамда үнемі қызу талқыланатын өзекті мәселелердің бірі. Журналист Кәмшат Тасболат қоғамдағы “тоқал” ұғымының бұрмаланып, зина мен адал некенің арасы шатасып бара жатқанын сынап, отбасылық құндылықтарды сақтауға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кәмшат Тасболаттың айтуынша, қазіргі жағдай мен ата-бабамыз ұстанған шариғатқа сай дәстүрдің арасында үлкен айырмашылық бар.

“Қазіргі тоқалдың көбі – тоқал емес, көңілдес. Ата-бабаларымыздың бәйбіше, тоқал алуымен қазіргі “тоқалдарды” салыстыруға келмейді. Бұрын бәрі жария, адал, шариғатқа сай еді. Ешкімнің жасырын баласы болған жоқ”, – дейді ол.

Журналистің пікірінше, бүгінде қоғамда зинақорлық пен некесіз қатынастар “махаббат” деп ақталып, отбасылық құндылықтардың қадірі кетіп барады.

“Қазір зинақорлықты – махаббат, көңілдесті – тоқал, отбасын шайқалтуды – амалсыз махаббат үшін жасалған шара деп түсіндіретіндер көбейді. Бірақ бұл дұрыс емес. Бізде отбасылық құндылық қалмады”, – дейді Тасболат.

Ол сондай-ақ шенеуніктер мен танымал тұлғалардың жеке өміріне қатысты даулы оқиғаларды мысалға келтіріп, қоғамның бұған бейжай қарауы қауіпті құбылыс екенін атап өтті.

“‘Кәсіпкер бес баласын тастап, пәленшеге үйленіпті’, ‘Депутат мандатын тоқалына қалдырыпты’, ‘Әкім баласын мойындамай жатыр’ деген ақпараттар жиі шығады. Бірақ осындай оқиғадан кейін қызметінен кеткен бір шенеунік бар ма?” – деп сұрайды журналист.

Кәмшат Тасболат шетелдік мысалдарды да алға тартып, қоғамдық бақылау мен ұят сезімі – өркениетті елдердегі тәртіптің негізі екенін айтады.

“Билл Клинтонның 25 жастағы хатшысымен болған дауы оның ғана емес, Хиллари Клинтонның да саяси мансабына балта шапты. Қоғам күнәға төзбеді. Сол секілді жуырда америкалық IT-компания басшысы концертте көңілдесімен көрініп қалып, қоғам қысымынан кейін өз еркімен жұмыстан кетті. Бұл – нағыз қоғамдық бақылау”, – дейді ол.

Ал Қазақстанда, керісінше, моральдық жауапкершілік пен ұят ұғымдары әлсіреп барады дейді журналист.

“Отбасы институтына соққы жасап, сыртта көңілдес ұстап, некесіз бала туғызып жүргендер де қызметтен кетуі керек. Жапонияда отбасын тастағандар қызметте өспейді екен. Бізде, керісінше, мұндай жағдайлар қалыпты нәрсеге айналды”, – деп қынжылады Кәмшат Тасболат.

Оның айтуынша, бұл тек моральдық мәселе емес, ұлттың демографиясы мен психикалық денсаулығына да әсер ететін құбылыс:

“Ажырасу демографияға ғана емес, адамдардың психикасына, денсаулығына әсер етеді. Отбасы құндылығы сақталған жерде демография да артады, жүйке жүйесі де мықты болады.”

БҰҒАН ДЕЙІН

Актриса Мөлдір Мұқанова бұрынғы күйеуі, актер Тұрсынбек Қабатовпен ажырасуы және қазіргі қарым-қатынасы туралы айтқан еді. 

Мөлдір Мұқанованың айтуына қарағанда, ол қазір Тұрсынбек Қабатовпен ажырасқан және бұл шешімді қабылдаудан басқа амалы қалмаған.