Көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салу заңда жоқ болып шықты

Сымбат Сатыбалдина

Көлікті бес минуттан артық қыздыруға заңда тыйым салынбаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Ол комитет тиісті түзетулер енгізгенін, оған сәйкес осындай нормаларды жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар бекіте алатынын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz коллажы

“5 МИНУТ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ШУ”

- Сіздер (мемлекеттік органдар) заңда “бес минут” деген түсініктің жоқ екенін түсіндірулеріңіз керек еді. Осылай шулатып жіберген өздеріңіз, қазір бүкіл халық бес минут туралы айтып жүр. Мұны ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар бірігіп түсіндіруі тиіс еді. Ал қазір, түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуінің салдарын көріп отырмыз. Көптеген адам осы мәселені хайпқа айналдырып жіберді, – деді депутат. 

ІІМ НЕ ДЕЙДІ

Өз кезегінде ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бес минут туралы норма жол қозғалысы туралы заңда «тоқтап тұру» мен «тұрақ» ұғымдарын ажырату үшін қолданылғанын айтады.

- Қозғалтқышты қыздыру туралы заңда бес минут деген талап жоқ. Егер тұрғындарға қолайсыздық тудырып, кедергі жасайтын болса тек механикалық көліктердің қозғалтқышы қосулы күйде елді мекендердің арасында тоқтап тұруына тыйым салынады. Бұл норма бойынша тек шағым түскен жағдайда ғана жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы осындай үш жағдай болды, оның біреуін прокуратура тоқтатты. Яғни, қозғалтқышты қыздырғаны үшін ешкімге айыппұл салынған жоқ. Бұл – қолдан жасалған проблема», – деп сендірді вице-министр.

АЙЫППҰЛ

Қазақстанда тұрғын аймақтарда қозғалтқышы қосылып тұрған көлікті қоюға тыйым салынған. Қозғалтқышы қосулы көлікті 5 минуттан артық тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).

ХАЛЫҚТЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Бұл норма бірнеше жылдан бері қазақстандықтардың ашуын туғызып жүр. Олардың айтуынша, әсіресе Астана қаласында қыста көлікті жылытуға көбірек уақыт қажет. Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар норма және ол экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Ал мәжіліс депутаттар ішкі істер министрі Ержан Саденовке сауал жолдап, жол ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдарды қайта қарау керектігін айтқан еді.