Қазақстанда ҚҚС шегін төмендетуге қарсы петиция пайда болды

Сымбат Сатыбалдина

Қазақстандағы ресми петициялар сайтында азаматтар қосымша құн салығы шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуге қарсы петиция жариялады. Петиция авторларының айтуынша, 20 000 АЕК шегі (2025 жылы 78,64 миллион теңге) қазірдің өзінде қиындықтар туғызып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz коллажы

ПЕТИЦИЯ ТУРАЛЫ

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Жангелді Сүлейманов пен Астана заң консультанттары палатасының төрағасы Әнуарбек Сқақов Қазақстанда қосымша құн салығы шегін төмендетуге болмайтынын талап етіп, петиция жариялады.

Олардың пікірінше, қазіргі 20 000 АЕК шегі де бизнес үшін айтарлықтай қиындықтар туғызады, сондықтан көптеген кәсіпкер бұл сомадан асып кетпеуге тырысады.

ҚҚС есебіне қою кәсіпкерлерді өз тауарлары, жұмыстары және қызметтерінің бағасына қосымша қосымша құн салығын қосуға міндеттейді, сәйкесінше салық мөлшері 20%-ға дейін артады. Осылайша, ең төменгі баға кемінде 20%-ға көтеріледі, бірақ шын мәнінде бұл көрсеткіш одан да жоғары болмақ, - дейді олар.

Сонымен қатар, петиция авторлары көптеген кәсіпкер өз тауарларын өздері өндіретінін немесе қосымша құн салығын төлемейтін жеткізушілерден сатып алатынын атап өтті. Оның қатарына базардан сатып алынған тауарларды жатқызуға болады. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер қосымша құн салығын толық көлемде бюджетке төлеуге мәжбүр болады.

ДЕПУТАТТАР ҚАРСЫ

Бірнеше депутат қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 20 пайызға дейін арттыруға қарсы шыққан болатын. 

- Мен қарсымын. Мұның бәрі тарифтердің қымбаттауына әкеледі. Айналып келгенде қарапайым халық зардап шегеді. Ол сол 12 пайыз деңгейінде қалуы керек. 20 пайыз дегеннен кейбір банктер жүйесі көп пайда тауып отырған. Олардың несиесі де, беріп отырған пайызы да жоғары. Сол салаларда ғана керек. Барлық салада ҚҚС-ті көтеруге қарсымын. Ол қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиеді, деді мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Қазақстанда қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру туралы ұсынысты сынға алған болатын. Депутат мұндай шешімге қарсы екенін айтып, бұл ең қате шешім болғанын айтты.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін Қазақстанда 20%-ға дейін көбейтуге қарсы болды. 

Смирнова мәжіліс кулуарында журналистің сұрағына жауап беріп, үкімет мемлекеттік бюджетті оңтайландыру үшін "министрліктерді қысқартуы" керек деп мәлімдеді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске сала кетсек, Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатқанын хабарлағанбыз.