Қазақ әскері Таяу Шығыста: БҰҰ оларға қанша төлеп жатыр

Аян Өрібай

Голан жотасында жүрген қазақ әскерінің әрекеттерін Қазақстанның қорғаныс министрлігі осы жақтан ұлттық басқару орталығы арқылы басқарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото ©Дмитрий Дегтярев

ГОЛАН ЖОТАСЫНДА ҚАНША САРБАЗ ЖҮР

Бүгін мәжілісте депутаттардың назарына Голан биіктігінде бөлінген аймақты бақылауға аттанған Қазақстанның бітімгер әскеріне байланысты мәселе қаралды. Қазақстан үкіметі мен БҰҰ арасындағы халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заң жобасын қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев баян етті.

2024 жылы наурыздан бері 139 әскери қызметші мен 26 бірлік әскери техникадан тұратын ұлттық контингент Голан биіктігіндегі бітімгершілік миссияға жіберілген.

Миссияның мақсаты – Израиль мен Сирия арасындағы татулықты қолдау, сондай-ақ Израиль мен Сирия әскерлерінің бөлінуін бақылау мен қадағалау.

БҰҰ ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛЕДІ

БҰҰ Қазақстанның аталған миссияға қатысқаны үшін жылына шамамен 5 млн АҚШ доллар құрайтын төлемдерді жасайтының атап өту қажет. Оның ішінде шамамен 2,4 млн АҚШ доллары – жеке құрам төлемі, қалған 2,6 млн АҚШ доллары – техниканы, қару-жарақ пен мүлікті жалға алғаны үшін беріледі. Бұл ретте, әр бітімгер әскери қызметшіге айына 1448 АҚШ долларын құрайтын мөлшерлеме бекітілген. БҰҰ-дан аударылған қаражат мемлекеттің бітімгершілік операцияға шығынын өтеу тәртібінде БҰҰ бөлінетін қаражат республикалық бюджет кірісіне түседі. БҰҰ-мен қаржылық мәселелерді реттеу мақсатында меморандумға қосымша келісім жасалған.

Келісім БҰҰ-дан түсетін төлемді екі банктік шотқа бөлуді көздейді. Осылайша, персонал үшін ақшаны әскери қызметшілер алады, ал мүлік үшін ақша мемлекеттік бюджетке түседі. Қаралып жатқан халықаралық шарттар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарынан өзгеше қағидаларды белгілейді, сондықтан олар ратификациялануға жатады. Бірікен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысу арқылы халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға Қазақстанның қосатын үлесі мемлекетіміздің беделін арттырады, – дейді ол.

РАТИФИКАЦИЯ НЕ БЕРЕДІ

Қорғаныс министрінің орынбасары халықаралық шарттарды ратификациялау Қазақстанның мүддесіне сәйкес келетінін, яғни, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне ұлттық контингенттің тиімді қатысуын қамтамасыз етуге ықпал ететінін айтады. Қазақстанның әскері сол жаққа барғалы шиеленісті тоқтатуға қарасты іс-шараларға қатыспаған. Тек азаматтық персоналды Дамасктан Еуропаға көшірумен, эвакуациямен айналысқан.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ САРБАЗДАРЫНА ҚАНША ТӨЛЕНЕДІ

Қазақстан заңдарымен бекітілген заңға сәйкес, сол жаққа аттанған сарбаз мүгедек болып қалса, әрбір топ мүгедектігіне 6 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін жәрдемақы төленеді. Қаза тапқан жағдайда Қазақстан билігі тарапынан 60 АЕК, БҰҰ атынан 77 мың долларға дейін өтемақы бекітілген.

Голан биіктігінде жүрген әрбір әскери қызметшіге үш еселенген айлық төленеді. БҰҰ-дан бөлек айына 40 долларлық қалта шығыны беріледі. Әрбір әскери қызметшіге демалысқа шыққаны үшін 340 доллар жәрдемақы төленеді.