Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша тергеу аяқталды. Алматы облысының полиция департаменті мән-жайды айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды.
ТЕРГЕУ БАРЫСЫ
Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілді, шамамен 200 куәгерден жауап алынды, барлық күдіктілердің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді, сондай-ақ қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылды.
Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді.
ДӘЛЕЛДЕР МЕН САРАПТАМАЛАР
Қылмыстық іс 62 томнан тұрады, оның ішінде барлық жиналған дәлелдемелер, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар. Әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес жүргізілді, тергеудің барлық кезеңдерінде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілді. Тергеудің барысы және процесс қатысушыларының конституциялық құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының бақылауында болды.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген. Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды. Белсенді әрі Қаржаубай Нұрымов ұсталған кезде оқиға орнында болған куәгер Дінмұхамет Қаматай Нұрымовты ұстар алдында ол "полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады" деген ақпаратты жоққа шығарған.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.