Бойдақ қыздар сары орамал тағуы керек: Түрікменстанда жаңа талап пайда болды

Сырым Қаржас

Ашхабадта тұрмыс құрмаған түрікмен әйелдеріне жұмыс барысында сары түсті бас орамал тағу керек екені хабарланды. Алайда басшылық бұл талаптың себебі жайлы сұрақтарға иығын ғана қиқаңдатқан. Әйелдерге бұл бұйрық «жоғарыдан» келгені айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап.

mg-fotki

ЖАҢА ТАЛАП

Жаңа талап наурыз айының басында пайда болған. Тұрмыстағы әйелдер жұмысқа сары көйлек кию міндеттелген. Жаңа ережеге сай киінбегендер жұмыстан шығарылуы мүмкін екені ескертілген. Басылымның мәліметінше, елде бұл талап заң жүзінде бекітілмеген, бірақ орындалмаған жағдайда ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін талаптар тізімі көбейіп келеді. Мысалы, ел астанасы Ашхабадта және басқа өңірлерде көліктердің ақ немесе ашық түсті болуы қажет. Ғимараттардың қасбеттерінен кондиционердің сыртқы блоктары алынып тасталды, ал әйелдерге дәстүрлі көйлек кию міндеттелді. Сондай-ақ, жас жігіттерге сақал қоюға тыйым салынып, олар әрдайым таза қырынған болуы тиіс.

Бұл "ережелер" қандай да бір заңды құжаттарға негізделмеген. Олар көбінесе президенттің немесе оның отбасы мүшелерінің ауызша ескертулері мен "ұсыныстарына" сүйенеді, — дейді Прагадағы Карл университетінің Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Славомир Горак.

БҰРЫНҒЫ ШЕКТЕУЛЕРДІҢ ЖАЛҒАСЫ

Бас орамал тағу талабы әйелдердің сыртқы келбетіне қатысты бұрынғы шектеулердің жалғасы болды. Бұған дейін мемлекеттік қызметтегі әйелдерге косметика қолдануға, денеге жабысып тұратын көйлек киюге және шаштарын ашық түстерге бояуға тыйым салынған. Түрікменстан әйелдер одағы журналистердің киімге қатысты соңғы талап жөніндегі сұрауларына жауап бермеген. Горактың айтуынша, Түрікменстандағы эстетикалық нормалар белгілі бір деңгейде Кеңес дәуірінің мұрасы және 2006 жылы қайтыс болған елдің бірінші президенті Сапармурат Ниязовтың талғамына байланысты қалыптасқан. “Алайда олар Бердімұхамедовтер әулеті билік еткен кезеңде шарықтау шегіне жетті” дейді сарапшы.

Халық түрікмен әйелдеріне не себепті сары түсті киім таңдалғанын түсінуге тырысып жатыр. Кейбіреулер бұл бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың әйелі мен әпкелерінің жеке қалауымен байланысты болуы мүмкін деп болжайды.