Адвокат Инга Иманбай әскерде жараланған сарбаз Ербаян Мұхтардың денсаулығы жөнінде ақпарат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желідегі жазбасында Инга Иманбай Ербаянды көріп қайтқанын жазды. Адвокат Ербаянның алдағы емінің жалғасып, қылмыстық ісінің тергеу барысын ата-анасымен талқылаған.
Шүкір, жағдайы бірқалыпты. Соңғы рет оны Ыстамбұлға ұшар алдында көрген едім. Қазір әлдеқайда жақсы: салмақ қосып, беті толысып қалған. Бір айдан кейін емнің екінші кезеңі – реабилитация басталады. Ербаянға да, ата-анасына да сіздердің ыстық ықыластарыңыз бен қолдауларыңызды жеткіздім. Олар барша халыққа алғысын жаудырып жатыр. Біз бірге қолдау көрсетіп, Ербаянның аяғына нық тұруына көмектесеміз! Ал қылмыстық іс бойынша – Ербаянды осы күйге түсіргендер тиісті жазасын алғанша күресті тоқтатпаймыз. Әділеттік үшін біргеміз! – деп жазды Инга Иманбай.
КҮДІКТІ ЖОҚ
Еске салайық, бас әскери прокурордың орынбасары Максат Қазиев Ұлттық ұланда әскери борышын өтеген сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі бойынша әлі күнге дейін ешкім күдікті деп танылмағанын айтқан болатын. Оның айтуынша, қазір кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар мен тергеу нәтижелерін алғаннан кейін шешім қабылданады. Іс Бас прокуратураның және бас әскери прокурордың ерекше бақылауына алынған. Ербаян Мұхтардың ісінде бұрын күдікті табылмағаны туралы хабарлаған едік.
ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ
Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.
Ербаян Мұхтарды Түркияға Қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен жеткізілді. Сарбаз Ыстанбұлға аман-есен жетіп, “Медикал-Парк” клиникасына жатқызылған. Ол дәрігерлердің қарауында қажетті ем қабылдап жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін әскерде жараланған Ербаян Мұхтарды қараған дәрігерлер тергеуге алынғанын жазған едік.