Канада премьері Карни кезектен тыс парламент сайлауы өтетінін мәлімдеді

Сырым Қаржас

Канада премьер-министрі Марк Карни кезектен тыс парламент сайлау өткізу туралы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

AP Photo / Chris J Ratcliffe

ТОЛЫҒЫРАҚ

Канада үкіметінің басшысы 23 наурызда елдің генерал-губернаторы Мэри Саймонға парламентті тарату және 28 сәуірге сайлау тағайындау туралы өтініш білдіргенін хабарлады.

Либералды партия жетекшісі Карни бұл шешімін бұрын-соңды болмаған сыртқы саяси қысым жағдайында азаматтардың жаңартылған сенім мандатына ие болу қажеттігінен туындады деп түсіндірді. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың әрекетінен туындаған Америкамен арадағы қарым-қатынастың күрт шиеленісуін атап өтті.

Біз Канаданың жаңа тарихындағы ең ауыр дағдарысты бастап кешіріп жатырмыз. Вашингтон енгізген біржақты сауда шектеулері және АҚШ басшысының ашық түрде қорқытуға әрекеттенген мәлімдемелері біздің егемендігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді, - деді премьер Оттавада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Трамп Канаданы АҚШ-тың 51-ші штатына айналдыру идеясын ашық түрде таратады және Оттаваны көндіру үшін экономикалық қысымды қолданады.

Ол бізді бағындыру үшін бәріне барады, – деді Карни.

Премьер үкіметтің ел тәуелсіздігін қорғау үшін табандылық танытатынын және сыртқы күштердің ықпалына белсенді қарсы тұруға ниетті екенін атап өтті.

Біз Канаданы қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек. Сондықтан мен 28 сәуірдегі сайлауда күшті мандатқа ие болу үшін отандастарымнан қолдау күтемін, - деп қосты ол.

Конституцияға сәйкес 45-ші шақырылған Қауымдар палатасының мүшелерін сайлау биылғы 20 қазанға дейін өткізілуге тиіс болған. Бірақ Либералдық партия дәл қазіргі сәттегі ұлтшылдық рухтың оянуы мен сыртқы қысымға қарсы қоғамның қолдауын ұтымды пайдаланып, өз ұстанымын нығайтқысы келеді.