Қазақстанды "бостандықтың дәмі" деп атап, жарнамаға түскен ресейлік актерді ұрып кеткен

Сымбат Сатыбалдина

Мобилизация кезінде Қазақстанға келген ресейлік актер Егор Куликовты соққыға жығып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видео кадры

ЖАРНАМА ТУРАЛЫ

Актер Егор Куликов Ресейде мобилизация жарияланған кезде Қазақстанға келген. Ол Алматыға көшіп келген. Кейіннен қазақстандық шоколадтың жарнамасына түскен. Жарнама сюжеті бойынша, ресейлік шекарадан өткен кезде жайлауда салт аттыны кезіктіреді. Ол ресейліктің қолына шоколад ұстатып, бұл “бостандықтың дәмі” екенін айтады.

ЖАРНАМАДАН КЕЙІНГІ ӨМІР

Актердің сөзінше, бұл жарнама жарыққа шыққаннан кейін актер еліне оралған. Полиция актерді ұстап алып кеткен. Полиция бөлімшесінде актерді “неге өтірік айтасың?” деп сұрақтың астына алып, “мұндай нәрсе түсіруге болмайды, салдары қиын болуы мүмкін” деп айтқан. Куликов полиция бөлімінен шыққан кезінде оны қарапайым киініп алған адамдар ұрып кеткен. Салдарынан актер ауруханадан бір-ақ шыққан. 

- Тірі қалдым, бірақ оңбай таяқ жедім, дейді актер. 

Куликов ауруханадан шыққаннан кейін әлдекімдер үйін тінтіп келген. Полицейлер актерге елден кетуге болмайтынын айтқан. Алайда қазір Егор Куликов Нью-Йоркте тұрып жатыр.