Наурыз айында Қазақстанда тұрғын үй бағасының өсуі баяулады. Егер былтырғы қыркүйектен бастап пәтерлер айына шамамен 1% қымбаттаса, биыл наурызда бұл көрсеткіш небары 0,4% болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БІР АЙДАҒЫ ӨЗГЕРІС
Krisha.kz сарапшылары елімізде баспана бағасының ең жоғары өсімі Тараз бен Қостанайда +2,2%, сондай-ақ Ақтөбеде +2,1% тіркелгенін атап өтті. Ал кейбір ірі қалаларда баға керісінше төмендеген. Мәселен, пәтерлер Шымкентте – 2,7%, Алматыда – 0,6%, Атырауда – 0,4% арзандаған.
БІР ЖЫЛДАҒЫ ӨЗГЕРІС
Қазақстан бойынша бір жылда тұрғын үй бағасы орта есеппен 6%-ға өскен.
Баға төмендеген жалғыз қала — Қарағанды (1,4 %). Қалған аймақтарда өсу байқалды.
Айтарлықтай қымбаттау Ақтауда болды, онда жылжымайтын мүлік құны 17,8%-ға шырқағап кеткен. Астана, Орал, Петропавл және Қостанайда баға 9,4–11,3% аралығында өсті.
Алматыда тұрғын үй 4,2%-ға, Шымкентте 6,2%-ға қымбаттады.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтарға қарай Қазақстанда қайталама тұрғын үйдің орташа құны бір шаршы метр үшін 516 203 теңгеге жетті.