Егер қандай да бір тауар немесе курс сатып алған болсаңыз, төлемді сатушының банк картасының нөмірі арқылы жіберу қауіпті. Бұл туралы заңгер әрі бұрынғы полиция қызметкері Әділетхан Молдахан айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Заңгердің сөзінше, егер сатып алушы төлемді сатушының картасының нөмірі арқылы жіберген болса, ол қайтарылмайтын сома болып есептеледі.
- Мысалы курс сатып алған жағдайда өзара келісіп, ақшаны банк картасының нөмірі арқылы жіберіп, бірінші күні курс өтіп, келесі күні жоқ болып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда ақшаны қайтару оңай нәрсе емес. Банк карта нөмірі бойынша мәліметтер бермейді. Ол үшін сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне арнайы қылмыстық іс болуы керек. Полиция департаментіне арыз жазсаңыз, олар банкке өтініш жіберіп, сол арқылы сатушы туралы ақпаратты алуға тырысады. Бірақ банк картаның иесі туралы ақпаратты “Банк құпиясы” туралы бапқа сүйеніп, мәліметті бермейді. Ал шарттық міндеттемелерді орындамау бойынша сотқа азаматтық арыз-талап беретін жағдайда карта нөмірі бойынша банкке өзіңіз өтініш тастай алмайсыз. Сот банкке өтініш тастауы үшін сіз талап-арыз беруіңіз керек. Ал ол талап-арызды беру үшін сіздің қолыңызда сатушы туралы толық мәлімет болуы керек.
Заңгердің сөзінше, мұны курс оқытатындар жақсы біледі.
- Олар төлемді банк картасының нөмірі арқылы алады. Полиция қылмыстық іс қозғамайды, себебі сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімі жоқ. Осылайша полицейлер материалдарды алып тастап, азаматтық сотқа бар дейді. Ал сот сатушы туралы толық мәлімет болмаса, азаматтық арызды қабылдамайды. Сондықтан төлемді банк картасының нөмірі арқылы емес, арнайы шотқа жіберген дұрыс, дейді заңгер.
Қорыта айтқанда, егер сіз төлемді арнайы шотқа жасасаңыз ол жерде сатушы туралы толық мәлімет болады. Алданған жағдайда сол мәліметтерді алып, сотқа талап-арыз жаза аласыз.