2025 жылдың алғашқы 9 айында Ресей соттары диверсия баптары бойынша 55 қылмыстық істі қарады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,5 пайызға көп. Бұл деректерді The Moscow Times басылымы 14 қазан күні сот істерінің картотекасын зерттеу нәтижесінде жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДИВЕРСИЯ БОЙЫНША СОТТАЛҒАНДАР САНЫ ЖЫЛ САЙЫН АРТЫП КЕЛЕДІ
2022 жылы бұл бап бойынша тек бір адам сотталған болса, 2023 жылы – тоғыз адам, ал 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында – 40 іс қаралып, жыл соңында 69 үкім шығарылған.
КӨПШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША ТҮРМЕ ЖАЗАСЫ БЕРІЛГЕН
Диверсия істерін қарау орта есеппен 146 күнге созылған. Ең қысқа процесс – 13 күн, ал ең ұзақ іс – 708 күнге жалғасқан. 55 істің 51-інде айыпталушыларға түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Бір іс қосымша тергеуге қайтарылған, тағы бір жағдайда медициналық мәжбүрлеу шаралары қолданылған.
ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ІСТЕР ЖАБЫҚ РЕЖИМДЕ ҚАРАЛҒАН
Долгопрудный қаласынан 17 жастағы Егор Мельников пен Михаил Сидоров темір жолдағы шкафты өртегені үшін сотталған. Бастапқыда іс жолдарды жарамсыз етуге талпыну бабы бойынша қозғалған, кейін жаңа мән-жайлар анықталған соң «топпен жасалған диверсия» ретінде қайта сараланған. 2025 жылдың ақпанында Мосгорсот Мельниковті 7 жылға бас бостандығынан айырды, ал Сидоровқа медициналық мәжбүрлеу шаралары қолданылды. Екі іс те жабық режимде қаралған.
ТЕРРОРИЗМ БАБЫБОЙЫНША СОТ ІСТЕРІ 45,9 ПАЙЫЗҒА КӨБЕЙДІ
2025 жылдың алғашқы 9 айында Ресей соттары терроризмге қатысты 870 істі қарады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45,9 пайызға көп. «Бірінші бөлім» құқық қорғау жобасының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартысында әскери соттар терроризм баптары бойынша кемінде 597 үкім шығарған. Бұл істерде 659 адам фигурант ретінде танылған.