Құлсарыда заңгер әйелді кабинетінде өлтіріп кеткен: бұрынғы күйеуі қамауға алынды

Сырым Қаржас

Құлсары қаласында 27 наурыз күні күндіз болған жантүршігерлік қылмысқа күдікті азамат екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жылыой аудандық ауруханасы

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті – Шоқпартоғай ауылының тұрғыны. Ол қылмыс жасағаннан кейін қашып кетуге әрекеттенген, алайда жедел ұсталды. Қазір ол екі ай мерзімге қамауға алынды.

Марқұмның артында кәмелетке толмаған қызы қалды, деп жазады "Мой город" басылымы.

Мейрамгүл Абатқызы – еңбекқор, жауапты әрі өз ісіне адал маман еді. Ол бірнеше біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, үнемі жаңа білім ізденіп жүретін. Әріптестері арасында ерекше құрметке ие болды. Үлкендерді сыйлап, әріптестерін қадірлейтін, қайырымды, ақкөңіл және үнемі күлімдеп жүретін. Біз оның жарқын бейнесі мен мейірімді күлкісін әрдайым есімізде сақтаймыз. Марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз, – деп хабарлады аурухана ұжымы.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

27 наурыз күні түстен кейін Құлсары қаласында әйелге өз жұмыс орнында – емханадағы кеңсесінде пышақпен шабуыл жасалған. Ауыр жарақат алған ол сол жерде көз жұмды. Марқұм емханада заңгер болып жұмыс істеген. Күдікті – оның бұрынғы күйеуі.

Бұл соңғы уақытта тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының бірі ғана болып отыр. Жуырда Қызылордада ер адам қызғаныштан әйелін соққыға жығып, қабырғасын сындырған. Жергілікті журналистің айтуынша, ер адам әйелінің дәрігерге барғанына ашуланған.