Алматыдағы тұрғын үй кешенінде ер адам күзетшіні аяусыз соққыға жықты (ВИДЕО)

Сырым Қаржас

Кеше, 5 сәуір күні Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында жүргізуші күзетшіні соққыға жықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Куәгерлердің айтуынша, ер адам демалыс күндері тұрғындардың мазасын алып, шлагбаумның алдында сигнал берген.

Күзетшілердің бірі оған ескерту жасаған, ал жүргізуші оған жұдырық ала жүгірген. Ол жерде жатқан жәбірленушіні өзгелер келіп ажыратып алғанша ұра берген.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Қазір күзет қызметкері ауруханада, полицейлер күдіктіні ұстады.

Бостандық аудандық полиция басқармасы ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының Теміртау қаласында 67 жастағы зейнеткерге жасалған шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.

БАҚ-қа тараған мәліметтерге қарағанда, Теміртау қаласында кәмелетке толмағандар жалғыз тұратын қарияның үйіне баса-көктеп кіріп, оны соққыға жығып, болған жайтты видеоға түсірген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұзақылар өзін электрик ретінде таныстырып, қартты есікті ашуға алдап көндірген. Қария жалғыз тұрады, жақындары қайтыс болған.