Бейнеудегі балалардың неден уланғаны белгілі болды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Маңғыстау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Бейнеудегі мектеп оқушыларының жаппай улану себебін атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

Ведомство басшысы Мұхтар Сербаев Бейнеудегі Манашын мектебінің оқушылар жаппай улануынан кейін асхана қызметін тексеру кезінде тексерілген он қызметкердің бірінде стафилококк табылғанын хабарлады. Сондай-ақ екі адам уақытында міндетті медициналық тексеруден өтпеген.

Зертханалық тексерулер дайын тағамның алты үлгісінен қауіпті микроорганизмдердің бар екенін көрсетті. Тексеру барысында көкөніс сақтауға арналған қоймада дәнді дақылдардың сақталғаны анықталды, бұл – талапқа сай емес. Тоғыз жуынды үлгісінен ішек таяқшасының бактериялары табылды. Асханада уақытылы ылғалды тазалық жүргізілмеген, қабырғаларда жарықтар бар, бұл санитарлық талаптарды бұзу болып есептеледі.

– Барлық материал полицияға тапсырылды, онда сотқа дейінгі тергеу бастау туралы шешім қабылданады. Қазір асхана жабық, балалардың барлығы сабақта, – деді Мұхтар Сербаев.

БҰҒАН ДЕЙІН

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауылындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары ауруханаға улану белгілерімен түсті. Зардап шеккен балалардың барлығы 2, 3 және 5-сынып оқушылары. 

Медициналық тексерістен кейін қажетті көмек көрсетіліп, балалар үйлеріне жіберілді, өйткені ауруханаға жатқызуға қажеттілік болмады.