Қазақстанда қант диабетіне тегін тексерілу тәртібі өзгермек: бұл кімдерге қатысты?

istock

Қазақстанда қант диабетін анықтауға арналған тегін тексеруден өту тәртібі өзгерді. Енді 40 пен 76 жас аралығындағы азаматтар екі жылда бір рет кеңейтілген скринингтен өте алады. Ал елде қант диабетіне шалдыққан адамдардың саны 575 мыңнан асып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қандай талдауларды тегін тапсыруға болады?

Жаңартылған тексеру бағдарламасына гликирленген гемоглобинге арналған талдау енгізілді. Ол кейінгі бірнеше айдағы қандағы қанттың орташа деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, триглицеридтер мен төмен тығыздықтағы липопротеиндерге, яғни «жаман» холестеринге де талдау жасалады. Бұл көрсеткіштер жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін бағалауға көмектеседі. Мұндай тексеру қант диабетімен ауыратын адамдар үшін аса маңызды.

Тегін скринингтен 40 пен 76 жас аралығындағы азаматтар екі жылда бір рет өте алады.

Қазақстанда қанша адам қант диабетімен ауырады?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда қант диабеті диагнозы қойылған 575 мыңнан астам адам тіркелген. Олардың 31 мыңға жуығы диабеттің бірінші түрімен ауырады.

Биылғы алғашқы тоғыз айда ауруды ерте анықтау мақсатында 1,6 миллионнан астам адам медициналық тексеруден өткен. Нәтижесінде дәрігерлер қант диабетінің 32,3 мың жағдайын анықтаған.

Диагнозы расталған науқастардың 95 пайызға жуығы тұрақты медициналық бақылауға алынған.

Қант диабеті жаһандық мәселеге айналып барады

14 қарашада әлемде Қант диабетімен күрес күні атап өтіледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде әлемде 800 миллионнан астам ересек адам осы аурумен өмір сүріп жатыр. 1990 жылдан бері науқастар саны төрт еседен астам өскен.

Сізге қызық болуы мүмкін