Қазақстан полициясы Ресей азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірінің (ЖСН) заңсыз берілуі бойынша қылмыстық іс аясында тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі БАҚ сауалына берген жауабында мәлімдеді. ҚазТАГ агенттігі бұл істі Freedom Holding Corp компаниясымен байланыстырып отыр.
ДӘЙЕКСӨЗ
— Ақпараттандыру саласындағы ықтимал құқықбұзушылықтар тексеріліп жатыр. Алматы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 206-бабы бойынша Электрондық жеткізгіште сақталатын, ақпараттық жүйеде қамтылатын немесе телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін, заңмен қорғалатын ақпаратты қасақана құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру, сол сияқты ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізу, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соқса) сотқа дейінгі тергеу аясында тексеру жүргізіп жатыр, — деп хабарлады ІІМ ҚазТАГ редакциясының сауалына жауап ретінде.
Еске салайық, бұған дейін Ресей Федерациясының азаматтары ЖСН-нің жаппай күшін жоюға қатысты шағымдана бастаған болатын. ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов бұл жөнінде Ulysmedia сауалына жауап беріп, шетел азаматы екі жағдайда — егер Қазақстаннан кетсе немесе ЖСН бастапқыда заң бұзушылықпен рәсімделсе, ЖСН-нен айырылуы мүмкін екенін айтты.