Қожағапанов шұғыл ауруханаға жеткізілді: сот отырысы кейінге қалды

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Астанада Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы бүгін таңертең айыпталушының денсаулығы күрт нашарлағанын мәлімдеді. Алдын ала қойылған диагнозға сәйкес, Ерлан Қожағапанов жедел панкреатит диагнозымен №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілген.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, 7 сәуір күнгі отырыс бірқатар адвокаттық өтініштермен және Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға кеткен шығындарға қатысты дау-дамаймен өтті.

СОТ ОТЫРЫСТАРЫ

Бұған дейінгі сот отырыстарында Қожағапанов Антикорға шүйлікті. Ол антикор басшылығындағы адамдардың бірі басқа бап бойынша айыптап жатқанын, ол бойынша 12 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін айтып, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқанын айтты. 

Сонымен қатар, Ерлан Қожағапановқа қатысты сот отырысында тағы бір айыпталушы - Ляззат Көккөзова мәлімдеме жасады.

ҚОЖАҒАПАНОВ НЕ ҮШІН ҰСТАЛДЫ

Қожағапов былтыр наурызда ұсталғанын антикор хабарлаған еді. Ресми ақпарат бойынша, ол коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет ете отырып, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған. “Бұл ретте форумды өткізу үшін смета екі есе өсті, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеліп соқты” деген сол тұста антикор.