Қазақстанда сот орындаушыларының үстінен түсетін шағымдар көбейіп барады

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Атқарушылық өндірістің сапасын арттыруға бағытталған шараларға қарамастан, сот орындаушыларының жұмысына байланысты шағымдар азаймай отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның айтуынша, қазақстандықтар сот орындаушыларының жұмысына риза емес. 

Атқарушылық өндірістің сапасын жақсарту үшін түрлі шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, сот орындаушыларына қатысты шағымдар азаймай отыр. Азаматтар олардың әрекетсіздігіне, борышкерлер мен өндіріп алушылармен байланыс орнатпауына, құқықтардың бұзылуына және қаражатты уақтылы аудармауына жиі шағымданады. Мәселен, былтыр осындай шағымдар саны екі есе өсіп, 89 мыңнан асты, – деді ол.

Депутаттың нақтылауынша, соңғы екі жылда соттарға 17 мыңға жуық шағым түскен.

Былтыр жеңілдетілген өндіріс институты енгізілді. Енді 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектері робот арқылы өндіріледі, бұл процеске сот орындаушысы мүлде қатыспайды. Соның нәтижесінде 8 айда азаматтарға 900 млн теңгеге жуық қаржы үнемделді. Алдағы уақытта бұл шекті 40 АЕК-ке дейін арттыру жоспарланып отыр, – деді Еспаева.

Оның айтуынша, жалпы 2024 жылы алиментке қатысты проблемалық істердің саны 12 мыңнан асып, балалар алдындағы берешек шамамен 17 млрд теңгені құраған.

Борышкерлердің тұрақты жұмысы мен табысының болмауы, сондай-ақ кірістерін жасыру – негізгі себептер. Ал жекеменшік сот орындаушылар құрамының сапасы сын көтермейді. Бүгінде елімізде 2 110 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді, олардың өндірісінде жалпы сомасы 15,9 трлн теңгені құрайтын 5 млн-ға жуық атқарушылық іс жатыр. Оның 50 пайызы микрокредиттерді өндіріп алуға қатысты. Бұл – халықтың шамадан тыс несиеге батқанының кезекті дәлелі, – деп түйіндеді депутат.

Жекеменшік сот орындаушылар қоғам наразылығының символына қалай айналды? Олардың жұмыс әдістері, петициялар, даулы оқиғалар мен дабыралы істер – осының бәрі Қазақстандағы ЖСО-ға деген кері көзқарастың қалыптасуына себеп. Бұл мәселелерді бұған дейін Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева Республикалық палатаның төрағасы Айдос Имамбаевпен талқылаған болатын.