Блогерлер ісі: миллиондаған айыппұл не 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төнді

Динара Жарқынбек

Блогер Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс тоқтатылып, материалдар қылмыстық өндіріске берілді. Енді олардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабымен, яғни «заңсыз кәсіпкерлік» дерегі бойынша тергелмек.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Адвокаттың айтуынша, аталған баптың бірінші бөлігі айыппұлдан бастап екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Айыппұл көлемі шамамен үш миллион теңгеден асады. Егер қылмыстың ауыр түрі дәлелденсе, жаза одан да қатаң болуы мүмкін.

Қорғаушы сотта әкімшілік іс жүргізудің өзінде көптеген қайшылықтар болғанын атап өтті. Оның пікірінше, егер бастапқыда-ақ заңсыздықтың белгілері көрінсе, істі әкімшілік сотқа емес, бірден тергеу органдарына жолдау қажет еді.

Соған қарамастан, адвокат бұл процессті елдегі құқық қорғау жүйесі үшін маңызды сынақ деп санайды:

Адамға сот арқылы қорғану мүмкіндігі берілуі тиіс. Әйтпесе, азаматтар тек қорқынышпен келісімге келетін болады. Бұл – дұрыс емес, – деді ол.

БЛОГЕРЛЕР КУРСТЫ ЖАЛҒАСТЫРА МА?

Адвокаттың сөзіне сенсек, блогерлер өз курстарын сатуды жалғастырып жатыр. Олардың қатысушылар алдында міндеттемелері бар болғандықтан, сыйлықтар мен көліктерді әлі де ойнатуды жоспарлауда. Алайда бұл рәсімдердің ашықтығына қатысты сұрақ туындаса, ұйымдастыру тәсілін өзгертуге дайын екендерін айтты. 

КОНТЕКСТ

Сот тыңдауында прокурор әкімшілік істі тоқтатып, материалдарды сотқа дейінгі тергеу органына жолдауды сұрады. Қорғау тарапы блогерлердің әрекеті тек сатылымды ынталандыруға бағытталған десе, уәкілетті орган Жанәбілов өткізген іс-шараларда заңсыз лотерея белгілері болғанын алға тартты. Олардың пайымынша, ақылы курстар – лотереяны жасыру үшін жасалған формалды себеп қана.

Прокурор сыйлықтардың құны, жарияланымдардың мақсаты, түскен табыс және басқа да мән-жайларды ескере отырып, істің барлық нақты жағдайын анықтау қажет екенін айтты. Нәтижесінде сот прокурордың өтінішін қанағаттандырып, екі істі де экономикалық тергеу департаментіне жіберді.