Итемгеновтің қолдауынан "бэтменге" дейін: Руслан Берденов қандай істерімен белгілі

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Бұрынғы мәжілісмен, ал қазір Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүрген Руслан Берденов қастандықтан аман қалды. Ulysmedia.kz редакциясы осы ретте оның кәсіпкерлік жолдан шенеунікке дейінгі жолын бір шолып шығуды жөн көрді.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары бұған дейін AQ Niet Group фармацевтикалық компаниясында жұмыс істеген. Еңбек жолын бөлім басшысы қызметінен бастап, кейін компанияның бас директоры лауазымына дейін көтерілген. Мәжіліс депутаты болған кезінде Берденов құмар ойын бизнесіне қарсы бітіспес күрес бастады. Ол кезде Берденов соңғы үш жылда ғана Қазақстандағы құмар ойын бизнесі иелеріне 1 триллион теңгеден астам табыс әкелгенін айтқан еді. Бұл мәлімдеме букмекерлер қауымдастығын ашуландырып, олар депутатты сотқа берген, көпшілік алдында кешірім сұрауын талап еткен.

Әлеуметтік желілерде Берденов салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен айналысуға үндейді. Жастарға үлгі көрсеткісі келеді. Оның оқырманы мен достарының арасында спортшылар, блогерлер және танымал кәсіпкерлер бар. Діни көзқарасын ашық білдіреді, бірнеше рет Меккеге қажылыққа барған.

Берденов белгілі кәсіпкер. Алайда ашық дереккөздерде оның атына тіркелген бизнес туралы ақпарат жоқ. Соған қарамастан, Шымкент қаласында оның қатысуымен жұмыс істеген PANA BOUTIQUE HOTEL және GOLDEN GRAIN TRADE компаниялары болғаны белгілі. Ресми өмірбаянына сәйкес, ол үйленген, бірнеше баласы бар. Ағылшын, орыс, түрік және әзербайжан тілдерін меңгерген.

Мәжіліс депутаты болып жүрген кезінде оның Астанадағы ең биік ғимараттың басына шығып, “Бэтмен” кейпіндегі видеосы тараған еді. Сол кезде қоғамды бір қаратқаны бар. Бірақ оқырманның кейбірі оның бұл әрекетін түсінбей сынағаны бар.

БЕРДЕНОВКЕ ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ

21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігінің маңында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды.

Оқиға шамамен сағат 20:30-да болған. Зардап шеккен шенеунік оң жақ саны мен иығына оқ тиген жарақатпен шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, дереу ота жасалды. Дәрігерлер оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Оқ атқан күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалалық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға сәйкес, күдікті Руслан Берденов күдіктінің әйеліне қырындаған-мыс. Қастандық сол үшін жасалған деген бейресми ақпарат тараған. Бірақ әкімдік мұны жоққа шығарады.

Ulysmedia.kz бұған дейін Қазақстанның бизнес кеңістігінде жақында ғана пайда болған жаңа ойыншы Қайрат Итемгенов жайлы жазғанда оның Руслан Берденовпен байланысы жөнінде де атап өткен еді.