Қазақстандық жүргізушілер Ресеймен шекарада сағаттап кептелісте тұрып қалды

Сымбат Сатыбалдина
фото: nova24.uz

Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Бөкейхан ауылындағы (бұрынғы Котяевка) шекаралық бекетте жүк көліктері ұзақ кезекке тұрып қалған. Бұл туралы жүргізушілер мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖҮРГІЗУШІЛЕР САҒАТТАП ТҰР

Атырау тұрғыны Абзал есімді азамат azh.kz сайтына алдыңғы кеште берген мәліметінде, шекарада үш сағаттан бері кезекте тұрғанын айтқан. Осы уақыт аралығында кезек небәрі 10 көлікке ғана жылжыған. Оның айтуынша, кезектің ұзындығы шамамен 3-4 шақырымға жеткен.

"ЭЛЕКТРОНДЫ КЕЗЕК – ЖАЙ ФОРМАЛДЫЛЫҚ"

Жүргізуші шекарадағы жағдайды сипаттап берді.

– Бәрі әдейі жасалып жатқандай көрінеді. Әр көлікті тексеруге 15 минуттай уақыт кетеді. Бір ғана қызметкер жұмыс істеп отыр. Егер қызметкерлердің санын арттырса немесе бірнеше терезе ашса, кезек жылдамдар еді. Электронды кезек енгізілгеннен кейін, керісінше, жағдай қиындай түсті. Бұл жүйе процесті жеңілдетуі керек еді, бірақ іс жүзінде формалдылыққа айналды. Нөмір аласың, бірақ нақты уақытпен өту мүмкін емес. Адамдар тірі кезекте тұрып, белгіленген уақытына үлгере алмай жатады. Мысалы, 25 сәуір күні шекарадан өту үшін нөмір алып, бір күн кезекте тұрасың, ал 26 сәуірде қайтадан нөмір алуға тура келеді. Онда бұл жүйенің қажеті не? Үш сағатта жүк көлігі екі-ақ рет қозғалды. Сонда біз шекараны қашан өтеміз? Ресей жағында 7-8 терезе істеп тұр. Бізде неге көбейтпеске? Жағдай бар ғой. Қазақстан жағында бір-ақ адам жұмыс істейді. Кімнің қанша уақыт тұрғанына ешкім мән бермейді. Қайтар жолда да жағдай дәл осындай, – деді ол.

Айтуынша, бұл сөздерін өзге жүргізушілер де растап отыр.

КЕЗЕКТЕГІ КӨЛІК САНЫ – 200-ГЕ ЖУЫҚ

Тағы бір ер адам шекарада шамамен 200 көлік кезекте тұрғанын айтты.

– Өткізу бекетін кеңейту немесе жұмысты жылдамдату керек. Әйтпесе, бұл – халықты қорлау деген сөз, дейді ол. 

РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕ ЖОҚ

Қазіргі уақытта аталған жағдайға қатысты мемлекеттік органдардан ресми мәлімдеме әлі жасалған жоқ.