Қазақ тілін қалай дамытуға болады - Шыңғыс Мұқанның жауабы

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Адамзат баласы тарих бойы 10 мыңнан астам соғыс өткерген. Зерттеушілер Льюис Ричардсон мен Самуэль Хантингтон соғыстың ең басты себептері ретінде жерге талас, экономика, дін, этнос және идеологияны атап өтеді. Бұл себептердің кез келгені – қоғамның ішкі тұтастығына сына қағатын фактор. Бірақ қазіргі заманда тіл де сондай триггерге айналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қоғамдағы бұл өте нәзік бірақ аса маңызды тақырып туралы осылай деп белгілі баспегер Шыңғыс Мұқан жазба жариялады. 

Автордың сөзінше әсіресе көпұлтты мемлекеттер үшін тіл мәселесі – от пен судың ортасында отырғанмен бірдей. Ол сыртқы саясатта да, ішкі тұрақтылықта да ерекше маңызға ие. Тіл мәселесіне бір ел сырттан көз тігіп отырса, екінші жағынан ішкі араздықты қоздыруға дайын топтар жеткілікті екені айтпаса да түсінікті. 

ТЕКЕТІРЕС ЕМЕС, КЕЛІСІМ КЕРЕК

«Енді, осы сұрақты текетірес тақырыпқа айналдырмай, “өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын”, қазақтың да, басқаның да көңілінен шығатын Алтын арқауды табу керек. Осы сұрақ мені көптен бері толғандырып жүр. Бірақ бұл түйінді шешер формула таппай жүрмін.», – дейді Шыңғыс Мұқан. 

ҚАЗАҚ ТІЛІ – КҮШТЕП ЕМЕС, КОНТЕНТПЕН ҚАЛЫПТАСАДЫ

Қазақ тілінің болашағы заңмен ғана емес, контентпен де тығыз байланысты. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ойлау мен мәдениет жүйесі. Егер бұл тілде сапалы контент көп болса, ол өзі-ақ сұранысқа ие болады деп есептейді белгілі баспагер. 

«Қазақ тілі мемтіл болған соң ғана емес, тілдің контенті бай болса өздігінен үйренеме деймін. Мәселен, қазақ эстрадасы үшін қазақша қосылып ән айтатын орыстілді таныстарым бар. Шамамен сол секілді. Ең болмағанда қазақтілді адам сапалы болуы үшін де ол ақпарат алатын тілдің контенті бай болуға тиіс деп ойлаймын», – дейді автор. 

ШЫҢҒЫС МҰҚАН

Шыңғыс Мұқан –  "Мазмұндама" жобасының авторы, бұл жоба әлемдік бестселлер кітаптарды қазақ тіліне аударып, қазақ тілінің мазмұнын байытуға бағытталған. Harvard University түлегі және мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған, бірақ кейіннен мемлекеттік қызметтен кетіп, қазақ тілін дамытуға арналған жобаларға назар аударуды шешкен.