Германия «Роснефть» активтерін меншіктеп алуға ниетті

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

АҚШ Қаржы министрлігі бұған дейін Германиядағы "Роснефтьтің" еншілес компанияларымен операциялар жүргізуге алты айлық жалпы лицензия берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

REUTERS: ГЕРМАНИЯ "РОСНЕФТЬТІҢ" ЕНШІЛЕС КОМПАНИЯЛАРЫН ҰЛТТАНДЫРУ МҮМКІНДІГІН ҚАРАСТЫРУДА

Reuters агенттігі екі аноним дереккөзге сілтеме жасап АҚШ-тың "Роснефтьке" қарсы санкциялары аясында Германияда Rosneft Deutschland активтерін ұлттандыру туралы пікірталастар қайта жанданған хабарлады.

РОСНЕФТЬТІҢ ЕНШІЛЕС КОМПАНИЯЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ АҚШ САНКЦИЯЛАРЫ

АҚШ Қаржы министрлігі бұған дейін Германиядағы "Роснефтьтің" еншілес компанияларымен операциялар жүргізуге алты айлық жалпы лицензия берген. 

"Rosneft Deutschland GmbH, RN Refining & Marketing GmbH немесе олардың 50% және одан көп үлесі бар кез келген ұйыммен жасалатын барлық транзакциялар 2026 жылғы 29 сәуірге дейін рұқсат етіледі", – делінген.

Берлин үшін бұл компанияларды АҚШ санкцияларынан тұрақты түрде шығару – ең қолайлы нұсқа. Алайда Reuters дереккөздерінің айтуынша, неміс шенеуніктері кәсіпорындарды тәркілеу және оларды шетелдік инвесторларға сату мүмкіндігін де қарастыруда.

РОСНЕФТЬ АКТИВТЕРІНІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Агенттік еске салғандай, ресейлік БАҚ-та "Роснефтьтің" Германиядағы активтері 7 миллиард доллар деп бағаланған. Алайда Reuters дереккөзі олардың нақты құны екі есе төмен болуы мүмкін екенін айтады. Осыған байланысты Мәскеу Германияда "Роснефть" активтері тәркіленсе, Ресейдегі неміс бизнесіне салдары болатынын ескерткен.

ҰЛТТАНДЫРУҒА ШАҚЫРУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ

"Роснефтьтің" активтерін Германия үшін "жүйелік маңызы бар" деп санап, оларды ұлттандыруға шақырған – Бундестаг депутаты Михаэль Келльнер ("Союз 90"/"жасылдар"). Оның айтуынша, 2024 жылы бұл активтерді сатып алуға Қазақстан мен Катар қызығушылық танытқан. Алайда қазіргі таңда бұл қызығушылық сақталған-сақталмағаны белгісіз.

Қазіргі уақытта Rosneft Deutschland Қазақстаннан мұнай сатып алуда, бірақ тасымал Ресей бақылауындағы құбыр арқылы жүзеге асады.

ROSNEFT DEUTSCHLAND КОМПАНИЯСЫ ТУРАЛЫ

Rosneft Deutschland компаниясы 100% ресейлік "Роснефтьке" тиесілі. Ол Германиядағы мұнай өңдеу қуатының шамамен 12%-ын қамтамасыз етеді, бұл оны елдегі ірі компаниялардың біріне айналдырады.

Brandenburg жеріндегі Шведт қаласындағы PCK зауыты – Rosneft Deutschland-тың негізгі активі. Ол Берлин мен оның маңына, сондай-ақ Германияның солтүстік-шығысына бензин, керосин және мазут жеткізу үшін аса маңызды. Бұл зауыт – Германиядағы төртінші ірі мұнай өңдеу кәсіпорны.

Сонымен қатар Rosneft Deutschland Карлсруэ қаласындағы MiRo және Фобург-на-Дунайдағы Bayernoil мұнай өңдеу зауыттарында үлеске ие.

АКТИВТЕРДІ СЕНІМГЕРЛІК БАСҚАРУҒА БЕРУ

2022 жылы Ресейдің Украинаға қарулы басып кіруінен кейін Германия "Роснефтьті" елдегі активтерін басқару құқығынан айырды. Сол жылдың қыркүйегінде Германияның экономика министрлігі Rosneft Deutschland пен RN Refining & Marketing компанияларын Федералдық желілік агенттікке сенімгерлік басқаруға тапсырды.

2025 жылдың қыркүйегінде Германияның экономика және энергетика министрлігі бұл басқаруды 2026 жылғы 10 наурызға дейін ұзартты. Бұл шаралар Бранденбург, Баден-Вюртемберг және Бавариядағы үш мұнай өңдеу зауытының жұмысын жалғастыруға және жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді.