Таиланд билігі шетелдік туристер үшін визасыз кіру шарттарын өзгертуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Премьер-министр Пхетхонгтхан Чинават елдегі визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартуды тапсырды. Бұл туралы мемлекеттік қоғаммен байланыс департаменті мәлімдеді.
Бұл шешім кейбір шетелдіктердің ережелерді бұзып, белгіленген мерзімнен артық қалуына және заңсыз еңбекпен айналысуына байланысты қабылданды.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Премьер-министр Пэтонгтарн Чинават визасыз кіру бағдарламасын қайта қарауды тапсырды. Өйткені кейбір шетелдіктер заңды бұзып, елде болу мерзімін асырып немесе заңсыз жұмыс істейтіні анықталды. Тиісті ведомстволар — Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Туризм және спорт министрлігі — бұл бағдарламаның салдарын зерттеп, болу мерзімін қайта қарауға тиіс, — делінген ресми мәлімдемеде.
Қазіргі уақытта визасыз режим 93 ел мен аумақтың азаматтарына қолданылады, олар Таиландта 60 күнге дейін тұрып, оны тағы 30 күнге ұзартуға мүмкіндік алады. Бұл елдердің қатарына Қазақстан да кіреді. Ережелер қайта қаралған соң, елде болу мерзімі 30 күнмен шектелуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Ulysmedia қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алатынын және қай елдерге бармағаны жөн екенін жазған болатын. Халықаралық паспорттар индексіне сәйкес, қазақстандықтар 43 елге еркін саяхаттай алады.