Атырауда мұнай компания басшысы өлі табылды

Ілияс Бақыт
"Французский квартал" ТҮК, Атырау, фото 2ГИС

2025 жылдың 29 сәуірінде Атырау қаласында North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының бөлім басшысы, 45 жастағы Бибігүл Шпанованың мәйіті өз үйінен табылды. Полиция мәліметінше, әйелдің денесінде пышақ жарақаттары болған, ал пәтеріндегі сейф ашылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТУЫСТАРЫ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРҒА ЖҮГІНДІ

“Ақ жайық” ақпаратынша марқұмның туыстары Адам құқықтары бюросына шағымданып, істің жан-жақты тергелуін талап етті. Олар бұл қылмыстың Шпанованың кәсіби қызметімен байланысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Полицияның хабарлауынша, күдікті — 1987 жылы туған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғалды. Заттай дәлелдер тәркіленді, тергеу жүріп жатыр.

ШПАНОВА ІРІ ҰЛТТЫҚ ЖОБАЛАРҒА ҚАТЫСҚАН

Адам құқықтары жөніндегі бюро Facebook парақшасында марқұм Шпанованың Кашаган кен орнын игеру сынды ел үшін маңызды жобаларға қатысқанын хабарлады. Осыған байланысты олар келесі талаптарды жариялады:

  • Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті зерттеу;

  • Қылмыстың кәсіби қызметпен байланысын да қарастыру;

  • Отбасына нақты әрі толық ақпарат беру, іске қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету;

  • Тергеудің ашық жүргізілуі және барлық жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту.

РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕ

Атырау облыстық полиция департаменті тергеу барысы олардың бақылауында екенін мәлімдеді.