Мәжіліс жаңа салық кодексінің жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат бойынша мәжіліс отырысында жалғыз депутат – жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиев сөз сөйледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЕЙСЕНҒАЛИЕВ НЕ ДЕДІ
Берік Бейсенғалиевтің сөзінше, реформа салық жүйесін оңайлатуға бағытталған бірқатар негізгі өзгерістерді: салық есептілігін 30%-ға қысқартуды, салықтар санын 20%-ға азайтуды, салық жеңілдіктерін оңтайландыруды, сараланған мөлшерлемелерді енгізуді, инвестициялық белсенділікті ынталандыруды, сән-салтанат заттарына жүктемені арттыруды және басқа да бірқатар өзекті міндеттерді шешуді көздейді.
- Жаңа Салық кодексінің жобасында салықтық әкімшілендіру мәселелеріне баса назар аударылады. Жобалар өткен жылдың қыркүйегінен бастап Парламент Мәжілісінде талқылануда. Бірінші оқылым ағымдағы жылдың 9 сәуірінде өтті. Ағымдағы жылы Үкімет салық-бюджет реформасын жүргізуге бағытталған заңнамалық бастамалар пакетін енгізді. Депутаттық корпус Үкіметпен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп барлық өзекті мәселелер бойынша тәсілдерді талқылау және келісілген шешімдер әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді, дейді депутат.
ҚҚС РЕФОРМАСЫ БОЙЫНША
Депутаттың сөзінше, бастапқыда үкімет ұсынған 20% мөлшерлеме 16%-ға дейін төмендетілді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін көтерілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі енгізіледі: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%.
ҚҚС-ТАН БОСАТУ
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, орфандық және әлеуметтік маңызды ауруларды емдеу шеңберіндегі тауарлар мен қызметтер ҚҚС-тан босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық баспа өнімдері, сондай-ақ кітаптарды басып шығару қызметтері де ҚҚС-тан босатылады.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында ҚҚС бойынша қосымша шегерімге жатқызылатын мөлшерлеме 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.
ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ДЕКЛАРАЦИЯ РЕФОРМАСЫ БОЙЫНША
Рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі орнына тыйым салынған қызмет түрлері тізімі енгізілді. Біріңғай салық мөлшерлемесі 4% болып белгіленді, алайда аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, мәслихаттар оны ±50% шегінде өзгерте алады. Бизнес арасындағы операцияларға арнайы салық режимін қолдану ауқымы кеңейтілді.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Әлеуметтік сала ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығының төмендетілген мөлшерлемелері белгіленді: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%.
Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салықтық шегерім 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
КТС ЖӘНЕ ЖТС МӨЛШЕРЛЕМЕЛЕРІ
Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративтік табыс салығы 25%-ға дейін көтерілді. Бірақ банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін табыс бойынша ставка 20% деңгейінде сақталады.
Жалақы бойынша жеке табыс салығына прогрессивті шкала енгізіледі:
8500 АЕК-ке дейінгі немесе жылына 33,5 млн теңгеге дейінгі табысқа – 10%,
осы сомадан жоғары табысқа – 15%.
Дивиденд түріндегі табыстар бойынша:
230 000 АЕК-ке дейін (шамамен 1 млрд теңгеге дейін) – 5%,
1 млрд теңгеден жоғары табысқа – 15%.
Мұндай құрылым төмен және орташа табысы бар азаматтарға салықтық жүктемені арттырмай, әділеттілік пен салықтың теңгерімділігін сақтауға мүмкіндік береді.
АКЦИЗ САЯСАТЫ
Алкоголь, темекі, қыздырылатын темекі өнімдеріне акциз мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, энергетикалық сусындарға акциз енгізіледі. Бұл шаралар халық арасында салауатты өмір салтын ынталандыруға бағытталған.
ЖЕРДІ ПАЙДАЛАНУ
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімсіз пайдаланған жағдайда төлем мөлшерлемесі 100 есеге дейін арттырылады.
Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемелері лицензия мерзімі мен учаске санына байланысты қайта қаралады.