Қазақстан Қашаған мұнайының небәрі 2%-ын ғана алады: шындық па, әлде аңыз ба?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Жақында халықаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Қашаған кен орнынан бар болғаны 2% ғана пайда алады, ал қалғаны шетелге кетеді деген ақпарат тарады. Бұл рас па? Ulysmedia.kz құжаттарды зерттеп көрді.

КОНТЕКСТ

Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы ICIJ Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны – Қашағанды игеру туралы материал жариялады.

Бұл материалға түрткі болған жайт – Қазақстанның осы кен орнын бірлесіп игеріп жатқан шетелдік акционерлер тобына (NCOC) қарсы сотқа жүгінуі. Бұл бір келісімшарт төңірегіндегі дау ғана емес. Мұндай жобаларға деген сенім Қазақстанның серіктес ретіндегі беделіне және елдің инвестициялық болашағына әсер етеді. Сондықтан мәселенің тек тақырып емес, мәні де маңызды.

ICIJ жариялаған материалда Қазақстан ұзақ уақыт бойы Кашаган мұнайынан небәрі 1% ғана алып келгені айтылады. 2008 жылы келісімшартқа бірқатар өзгерістер енгізілгеннен кейін Қазақстанның үлесі шамамен тағы 1%-ға артқан.

ICIJ журналистері бұл қорытындыға Қазақстан Республикасының мұнай-газ және энергетика салаларына сараптама жүргізетін ENERGY Insights & Analytics орталығының зерттеуіне сүйене отырып келген.

Бұл жаңалық бұрынғы жобалық шешімдерге қатысты сынға ұшырады. Алайда кез келген күрделі келісімшартта әр тарап өз мүддесін қорғайды. Сондықтан нақты шешім жасамас бұрын барлық ұсақ-түйекке назар аудару маңызды.

Check up

Біз ICIJ жариялаған есепті зерттеп көрдік және мынадай жайтты байқадық: журналистер Қазақстанның Қашағаннан «1% пайда алатыны» туралы тезиске дәлел ретінде тек кейбір жекелеген сандарды ғана таңдап алған.

ICIJ материалындағы рас ақпарат мынау:

2003 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта мұнай сатудан түскен жалпы табыс 55 млрд долларды құраған (дегенмен, әділдік үшін айта кету керек – сарапшылардың зерттеуінде 2016–2023 жылдар аралығы қарастырылған).

Осы кезеңде Қазақстан пайдасына мұнай сатудан, салықтардан, роялти мен басқа да төлемдерден 5,4 млрд доллар түскен. Болжам бойынша, дәл осы есеп негізінде «1%» көрсеткіші шыққан.

Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл тұрғыда:

- Егер “ҚазМұнайГаздың” үлесі 16,68% болса, онда 2% туралы айту математикалық тұрғыдан қисынсыз, – деп атап өтті.

НЕНІ АЙТПАЙ КЕТТІ

Сонымен қатар, ICIJ баяндамасында бар, бірақ журналистер қандай да бір себептермен айтпай кеткен маңызды жайт бар: осы кезеңде жобаға кеткен күрделі шығындар – 58 млрд доллар, ал операциялық шығындар – 28 млрд долларды құраған.

Мұнда мынаны естен шығармау керек: Қашағандағы толыққанды өндіріс тек 2016 жылы басталды және содан бері жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, сол жылы Қашаған мұнайының елдегі жалпы өндірістегі үлесі 1%-дан аспаса, 2023 жылдың соңында бұл көрсеткіш 21%-ға жетті (19 млн тонна).

Жалпы алғанда, Қашаған – елдегі өндіруге болатын мұнай қорының 47%-ын құрайды. Уақыты келген сайын басқа кен орындарында өндіріс азая түсетінін ескерсек, Қашағандағы өндіріс көлемі алдағы жылдары тек ұлғаяды. 2023 жылғы өндіру қарқыны сақталатын болса, Қашаған қоры 111 жылға жетеді.

Оған қоса, елдегі газ қорының 42%-ы дәл осы Қашағанға тиесілі, оны да алда өндіру және сату қажет.

ПАЙДА ҮЛЕСІ

Қашаған бойынша өнімді бөлу туралы келісімшарт 1997 жылы жасалған: оған сәйкес барлық барлау және игеру жұмыстарын шетелдік инвесторлар қаржыландырды. Маңызды бір жайт – Қазақстан бұл жұмыстарды қаржыландыруға қатыспаса да, ұлттық компания «ҚазМұнайГаз» арқылы жобада шетелдік негізгі инвесторлармен бірдей үлеске – 16,877% ие.

Осылайша, еліміз Қашаған мұнайын өндіруге құқық бергені үшін екіжақты табыс алып отыр. Нәтижесінде, отандық акционер ешқандай игеру шығынынсыз өз үлесіндегі пайданы алады, ал үкімет мұнай сатудан түскен табыс, роялти, салықтар мен өзге де төлемдер түрінде бөлек қаражатқа ие болады.

Мұнай сатудан түсетін кіріс бірнеше сатыдан тұратын схема арқылы бөлінеді: алдымен инвестициялар қайтарылады, содан кейін мемлекетке төлемдер жасалады. Бұл – инвесторлар салған қаражаттың қайтарылуын және Қазақстан пайдасына түсетін төлемдердің кепілді түрде жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Бірінші кезекте Консорциум үкіметке роялти (басымдық берілетін төлем) төлейді. Роялти өндірілген мұнайдың жалпы көлеміне қарай есептеледі. Оның мөлшері мұнай бағасына байланысты өзгеріп отырады және жыл сайын АҚШ долларындағы инфляцияға қарай түзетіледі. Мұнайдың әлемдік бағасы жоғары болған сайын, роялти де соғұрлым көп болады.

Роялти төленген соң, NCOC консорциумы өз шығындарын жабуға кіріседі. Алғашқы кезеңде бұл мақсатта өндірілген мұнайдың 80%-ына дейін пайдаланылуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе бұл көрсеткіш төмендейді, ал бұл үкімет кірісінің артуына алып келеді.

Қалған мұнай – Profit Oil деп аталады – Қазақстан мен Консорциум арасында бөлінеді. Қазақстанның үлесі үш факторға байланысты артады: ішкі табыстылық нормасы (IRR), өндіру көлемі және жобаның номиналды өтелу коэффициенті (R-фактор). Мысалы, Қазақстанның үлесі IRR 17% немесе одан төмен болғанда 10% деңгейінде қалады, ал IRR 17%-дан 20%-ға артқан кезде бұл үлес 90%-ға дейін ұлғаяды.

САЛЫҚ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНЕДІ

Ақыр соңында, үкімет Консорциумның пайдалы мұнайдағы үлесіне 30%-дан 60%-ға дейін пайда салығын салады. Бұл мөлшерлеме IRR – ішкі табыстылық нормасына байланысты өзгеріп отырады.

Иә, NCOC елдегі ең ірі мұнай мен газ қорларына ие болғанымен, оның қазіргі салықтық жүктемесі Теңіз және Қарашығанақ кен орындарымен салыстырғанда төмен. Алайда бұл – уақытша құбылыс. Себебі компания осы уақытқа дейін жинақталған шығындарын (капиталдық және операциялық) жабумен айналысты. ENERGY Insights & Analytics сарапшыларының дерегінше, бұл шығындар қазір толық өтелді.

2024 жылы салық көлемі едәуір өседі деп күтілуде және ол 2041 жылға қарай шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Сол кезеңде мемлекет үлесі де артады, бұл өз кезегінде мемлекеттік қаржыға оң әсер етеді.

НЕГІЗГІ ҚОРЫТЫНДЫЛАР

ICIJ дайындаған материал мұндай үлгідегі өнімді бөлу келісімдерін үстіртін талдауға негізделген. Себебі ашық дереккөздерде бұл келісімшарттардың толық мазмұны жоқ. Мұндай құпиялық – трансұлттық жобалар үшін қалыпты тәжірибе. Қатысушы тараптар құжаттардың бұрмалануы мен коммерциялық құпияны сақтау үшін келісімшарттарды жария етпеуді жөн көреді.

Мысалы, NCOC-тың Кашаган мұнайынан 98% үлес алатыны туралы тұжырым консорциум жұмысының сәйкессіз деректері негізінде есептелген. Нақты көріністі тек ресми деректерге немесе консорциум мүшелерінің түсіндірмесіне сүйенетін салалық сарапшылар ғана көрсете алады.

Өнімді бөлу келісімдерінің күрделілігіне қарамастан, олардың егжей-тегжейін қарастыру өркениетті коммерциялық тәсілді көрсетеді. Өйткені бизнестің жобаға орасан зор қаражат салғанын ескерсек, олардың шығындарын өтеу басымдыққа ие болуы заңды.

Алайда мұндай жағдайда да инвестор пайдаға шыққанға дейін мұнайдың бәрін жалғыз өзі алады деп айтуға болмайды. ENERGY Insights & Analytics сараптамасы көрсеткендей, инвесторлардың шығындары мен Үкіметке төленетін қаражат көлемі бастапқыда-ақ теңгерілген және бұл – ұзақ есептеулер мен келіссөздердің нәтижесі.

Бұдан бөлек, жобадағы ақша айналымының механизмі екі тараптың да мүддесін ескеретіндей құрылған: инвестициялар өтелген сайын мемлекетке түсетін төлемдер арта береді. Яғни бастапқы кезеңде инвестордың үлесі басым болса, жобаның соңына қарай үкімет ұтады.

Одан да маңыздысы – 2041 жылы өнімді бөлу келісімдерінІҢ мерзімі аяқталған соң, Қазақстан Қашағанды сол құраммен әрі қарай игеруге құқылы, бірақ бұл жолы шарттарды өз мүддесіне сай қайта қарау құқығына ие. Сарапшылардың есебінше, 2042 жылдан 2061 жылға дейінгі кезеңде бөлуге түсетін болашақ ақша ағымы 48 миллиард АҚШ долларын құрауы мүмкін.

2041 жылдан кейін жабдықтың тағдыры қандай болары әзірге белгісіз. Бірақ ең нашар сценарийдің өзінде Қазақстан Кашаган кен орнын өз бетімен немесе шектеулі серіктестермен бірге игеруді жалғастыра алады.