Судьяның өзін соттап жатыр: Оралда қалалық сот төрағасының процесі басталады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Орал қалалық сотының төрағасы Руслан Жұмағұловтың соты 5 мамырда басталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жергілікті басылымдар бұған дейін Жұмағұловпен бірге екі адвокаттың ұсталғанын хабарлаған еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар сотталған адамға қатысты оң шешім шығару үшін 1,5 миллион теңге көлемінде пара алған.

Еске сала кетейік, былтыр қарашада Орал қалалық сотының төрағасы Руслан Жұмағұлов тергеу органдарының өтініші бойынша қамауға алынған еді. Сот басшысын қамауға алу санкциясын Астанадағы тергеу соты берген. Ресми мәліметке сәйкес, 6 қарашада тергеуші Орал қалалық сотының төрағасын 10 күнге қамауға алуға өтініш түсірген.

Кейін ҰҚК Орал қалалық сотының төрағасы Руслан Жұмағұловқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.