Депутаттар Бапи мен Сарымға Ресейге кіруге тыйым салынған – БАҚ

Сырым Қаржас
Айдос Сарым және Ермұрат Бапи

Қазақстандық кей депутат пен қоғам қайраткерлеріне Ресей Федерациясына кіруге тыйым салынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz DW-ге сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

Deutsche Welle басылымы ресейлік тарихшы Андрей Грозинаның Қазақстанға кіре алмағанынан кейін, Қазақстан мен Ресейдегі "кіруге тыйым салынған тұлғалар" тізімі туралы мақала жариялады.

DW өз дереккөзіне сүйене отырып, Қазақстанда ел аумағына кіруге тыйым салынған азаматтардың арнайы тізімі бар екенін жазады. Бұл тізімде Тина Канделаки, Тигран Кеосаян, Александр Дугин, Никита Мендкович, Мемлекеттік дума депутаттары Евгений Федоров, Вячеслав Никонов және Петр Толстой сияқты тұлғалар бар.

Сонымен қатар Ресейде де бірқатар танымал қазақстандықтың елге кіруіне тыйым салғаны белгілі болды. Олардың қатарында саясаттанушылар Досым Сәтпаев пен Димаш Әлжанов, қоғам белсенділері Мұхтар Тайжан мен Тоғжан Қожалы, сондай-ақ Қазақстан Парламентінің депутаттары Ермұрат Бапи мен Айдос Сарым бар.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

DW-мен сұхбатында Айдос Сарым Ресейге кіруге тыйым салынғанын 2021 жылы күтпеген жерден білгенін айтты.

– Біздің делегация Брюссельдегі конференцияға Мәскеу арқылы ұшпақ болды. Екі рейстің арасында 9 сағаттық үзіліс болғандықтан, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бізге Мәскеудегі өз шараларына қатысуды ұсынды. Алайда дипломатиялық төлқұжатым болса да, мені қалаға кіргізбеді. Делегация толық өтті, тек мен қалып қойдым. Шекаралық бақылауда көп уақыт өткізуге тура келді, консулды да шақырттым. Кейін ФҚК-нің бір офицері келіп, маған "персона нон грата" екенімді растайтын құжатты қолхатпен табыстады. Кіруге не себепті тыйым салынғаны түсіндірілмеді. Тек ескерту жасалды: егер бұл ережені қайта бұзсам, сегіз жылға дейін бас бостандығымнан айырылуым мүмкін, – деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін Ресей тарих ғылымдарының кандидаты Андрей Грозин Қазақстанға кіре алмай қалғанын жазған едік.

РБК таратқан мәліметке сәйкес, Грозин – ТМД елдері институтының Қазақстан және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі. Ол Астанаға бірқатар іс-шараға қатысу үшін келмек болған. Алайда 27 сәуір күні Астанадағы паспорттық бақылау кезінде Грозинге Қазақстанға кіруге рұқсат берілмеген. Шектеудің себебі түсіндірілмеген. Сөйтіп, тарихшы Мәскеуге оралған.