Француз соты актер Жерар Депардьені екі әйелге қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Актер өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.
Бұл – Депардьеге қатысты сотқа жеткен алғашқы іс. Бұған дейін актердің атына шамамен 20 әйел тарапынан әдепсіз мінез-құлыққа шағымдар түскен, деп жазады BBC.
Прокурорлар 76 жастағы Депардьені 1,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды және 20 мың еуро айыппұл салуды талап еткен.
Істің негізгі кейіпкерлерінің бірі – суретші-декоратор Амели К. Сотта ол актердің 2021 жылы «Жасыл жапқыштар» фильмінің түсірілімі кезінде өзін аяқтарымен қысып, денесіне тиіскенін мәлімдеді.
24 наурызда Парижде 76 жастағы Депардьенің қатысуымен сот процесі басталды. Актер 2021 жылы «Жасыл жапқыштар» фильмінің түсірілімі кезінде екі әйелге жыныстық зорлық жасады деп айыпталған. Шағымданушылардың бірі – 53 жастағы суретші-декоратор, екіншісі – 33 жастағы режиссердің көмекшісі. Олардың шын есімі жарияланбады.
Сотта Депардье декоратордың жамбасынан ұстағанын растады, бірақ мұны сырғып кетпеу үшін жасағанын айтты. Сондай-ақ, ол әйелге емес, оның жұмысына қатысты өрескел пікірлер айтқанын мойындады. Актер мұндай мінез-құлқын көңіл-күйдің нашарлығымен және шаршаумен түсіндірді. Депардьенің адвокаты Жереми Ассу куәгерлердің өздері де актердің зорлық-зомбылық әрекетін көрмегенін мәлімдеді.
“ДАЛА ҮНІНДЕГІ” БАСТЫ РӨЛ
Француз актері Жерар Депардьё Қазақстанда түсірілген «Дала үні» («The Voice of the Steppe») атты романтикалық драмада басты рөлдердің бірін сомдаған. Фильмде Депардьё Анатоль есімді француз дыбыс инженері рөлін ойнайды. Анатоль бала кезінде Қазақстанның даласына келіп, жергілікті халықтың өмірі мен мәдениетінен шабыт алады. Жарты ғасыр өткен соң, ол Қазақстанға қайта оралып, жас қазақ жігіті Абаймен танысады. Олардың достығы арқылы фильм қазақ мәдениетінің тереңдігі мен рухани байлығын көрсетуге тырысқан.