Қазақстандық режиссер Ермек Тұрсынов елден кеткен соң Антикор мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ермек Тұрсыновқа қатысты тергеу жүргізіліп жатпағанын хабарлады.
Тұрсыновтың Facebook-те берген ақпараты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне белгісіз болып шықты.
– Сонымен қатар бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке “Ш. Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ ішкі аудит қызметінің қорытындысымен және арызымен “Долгое эхо” көркем фильмін дайындау кезінде лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін киностудияның бұрынғы басшылығын қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы “Н” режиссерінің жүгінгенін хабарлаймыз. Оның арызы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Қосалқы мердігерлік жұмыстарды жеткізуші – Alashfilm ЖШС, оның бұрынғы директоры “Т” азаматы болды. Бұдан әрі оның бұрын “Тұрсыновфильм” ЖШС аясында режиссер Тұрсыновтың бизнес-серіктесі және серігі болғаны анықталды. Alashfilm ЖШС бұрынғы директоры “Т” қатысуымен куәгер мәртебесінде бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілді, – делінген хабарламада.
Ведомство Тұрсыновтың өзі тергеу органына шақырылмағанын нақтылады.
Қазіргі уақытта іс бойынша ешкім күдікті деп танылмаған.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, мұның алдында режиссер Ермек Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кетіп қалғанын хабарлаған едік. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Тұрсынов не үшін елден кеткенін ұзын-сонар жазбада толығырақ баян етеді. Сөз соңында былай дейді:
Мемлекет біртін-біртін әрі тоқтаусыз құрдымға кетіп барады. Мен бұған қатысқым келмейді. Бұған жайдан-жай қарап та отыра алмаймын. Әлбетте, бәрі жақсы деп, түк болмағандай бұрынғыша өмір сүруге болар еді. Бірақ елде бәрі есінен танған жоқ әлі. Абсурд біздің елде нормаға айналып барады. Бұлай жалғаса берсе болмайды. Бірдеңе істеу керек…
РЕЖИССЕР ЖАЙЛЫ
Ермек Тұрсынов – режиссер, сценарист, жазушы. 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол Мәскеудегі бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын (ВГИК) аяқтап, кинематография саласында танылған. Оның ең танымал туындылары:
“Келін” (2009) – Қазақстанның “Оскар” сыйлығына ұсынылған фильм.
“Шал” (2012) – аға буын мен жас ұрпақтың арасындағы философиялық қарым-қатынасты көрсететін туынды.
“Жат” (2015) – кеңестік қуғын-сүргіннің қазақ халқына әсерін суреттейтін драма.
Ермек Тұрсынов қазақ мәдениеті мен тарихына терең бойлап, қоғамдағы өткір мәселелерді кино тілінде бейнелейді. Оның шығармалары әлеуметтік, философиялық мазмұнымен ерекшеленеді. Қоғамдағы мәселелерді ашық айтатын өткірлігімен де белгілі.
Ермек Тұрсынов бұған дейін Ulysmedia.kz порталына сұхбат берген болатын.