Қазақстанның алты өңірінде ХҚКО-ларды цифрландыруға әзірге қаржы табылмады

atr.kz

Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қазақстандықтардың енді eGov GPT арқылы 50-ден астам мемлекеттік қызмет ала алатынын айтты. Жыл соңына дейін цифрлық қызметтердің саны 150-ге дейін артады. Алайда халық ХҚКО-ларға әлі де барып жүр. Сондықтан оларды цифрлық кеңселерге айналдыру туралы шешім қабылданды. Қай өңірлерде бұл жұмыс жүргізіліп қойған, ал қай жерде оған қаржы жетіспейді – Ulysmedia.kz анықтады.

Барлық өмір «цифрда»

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мемлекеттік қызметтердің цифрлық экожүйесінің негізіне QazTech платформасы айналды. Биыл жоспарланған цифрлық жүйелердің 92%-ын көшіру аяқталған.

Қазірдің өзінде «Әлеуметтік әмиян» атаулы әлеуметтік қолдау көрсетіп, 3 миллион пайдаланушыны қамтып отыр. Ал e-Otinish жүйесіндегі өтініштерді өңдеуге жасанды интеллект көмектеседі. Ол пайдаланушыларға нақты цифрлық мемлекеттік қызметтерді алуға да мүмкіндік береді.

Мәдиевтің айтуынша, eGov GPT арқылы қазір 51 қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін олардың саны 150-ге дейін артады. Бұл ең көп сұранысқа ие және мемлекеттік қызметтер трафигінің 80%-ын құрайтын қызметтер болады.

Осылайша, 2028 жылға қарай жасанды интеллект қолданылатын қызметтердің үлесі барлық мемлекеттік қызметтің 40%-ына жетеді.

Маманды консультант алмастырады

Министрдің айтуынша, заман талабына сай ХҚКО-лар да өзгеріп жатыр.

– Жаңа цифрлық кеңселерде азаматтар қызметтерді цифрлық көмекші eGov GPT орнатылған терминалдар арқылы өз бетінше ала алады. Қажет болған жағдайда консультанттың көмегіне жүгінуге болады. Қазірдің өзінде төрт өңірде бес цифрлық кеңсе ашылды. Тағы он өңірде қаржыландыру мәселесі шешілді, – деді Мәдиев.

Алайда Қазақстанның алты өңірінде ХҚКО-ларды цифрлық кеңселерге айналдыруға әзірге қаржы жоқ екені анықталды.

– Қаржыландыру мәселесі шешілген он өңір жыл соңына дейін ғимараттарды дайындап, кеңселерді ашуы қажет. Қалған алты өңір жұмысты жеделдетіп, қаржыландыруды қамтамасыз етіп, ашылу күндерін нақты белгілеуі керек, – деді Жаслан Мәдиев.

Цифрландыруға қаржы табылмаған өңірлер қатарында Абай, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары бар.

Алайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде жаңа форматқа қолжетімділік барлық өңірде қамтамасыз етілуге тиіс деп есептейді.