Ресей билігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және қызмет көрсету салаларындағы кадр тапшылығын Қазақстаннан келген еңбек мигранттарының есебінен жабуға үміттеніп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Asiais сарапшыларының пікірінше, алдағы уақытта қазақстандықтар өзбекстандықтар мен тәжікстандықтардың орнын басуы мүмкін.
Олардың айтуынша, Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік дамуы өңірдегі өзге елдерден ерекшеленеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін республика өзіне білікті мамандар мен еңбек мигранттарын белсенді түрде тарта бастады. Бұдан бөлек, Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі санаулы елдердің бірі ретінде шетелдегі қандастарды елге қайтару бағдарламасын іске қосты.
Соңғы 15 жылда жағдай өзгерді – халық саны 20,3 миллионға жетті, ал республиканың оңтүстігінде еңбекке қабілетті адамдар көп шоғырланған аймақтар қалыптасты. Сонымен қатар, 2,2 миллионнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында, бұл әсіресе жастар арасында еңбекке орналаса алмау мәселесін күшейтіп отыр.
НӘПАҚА ІЗДЕГЕНДЕР
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы шетелге жұмыс істеуге 191 мың адам кетсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 140 мыңға жеткен. Негізгі бағыттар қатарында Ресей (әртүрлі дерек бойынша 150–170 мың адам), Түркия (шамамен 75 мың), Оңтүстік Корея (негізінен этникалық кәрістер – шамамен 30 мың), БАӘ (20 мыңнан астам) және Еуропа елдері (көбіне Ұлыбританияның ауыл шаруашылығындағы маусымдық жұмыс) бар. Сонымен қатар АҚШ, Канада, Аустралия және Жапонияға баратындардың саны біртіндеп артып келеді. Тіпті Африка мен Бангладеш секілді елдерге барып, Ресейдің "Руппур" атом электр станциясының құрылысына қатысып жатқан жүздеген қазақстандық та бар.
"ТИІМДІ" МИГРАНТТАР
Болжам бойынша, 2030 жылға қарай халықаралық еңбек көші-қонына тартылған қазақстандықтар саны 500 мыңға жетсе, 2035 жылға таман бұл көрсеткіш 1 миллионға дейін көтерілуі мүмкін. Олардың басым бөлігі Ресейге жұмыс істеуге барады деп күтілуде.
Орталық Азия Ресей үшін негізгі еңбек ресурсы көзі болып қала береді. Бұл қатарда Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан бар.
Алайда сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның өзіндік артықшылықтары бар: халықтың білім деңгейі жоғары, орыс тілі кеңінен таралған, әрі менталитет жағынан Ресей қоғамына ұқсастық бар.
– Ресейдегі еңбек ресурстарының жетіспеушілігі жағдайында Қазақстаннан келетін қосымша жүздеген мың мигрант көршілес аймақтардағы қарқынды дамып келе жатқан экономикалық орталықтарды жұмыс күшімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде ресейлік компаниялар вахталық әдіспен жұмысқа қазақстандықтарды белсенді түрде қабылдап жатыр, бұл Қазақстандағы бос жұмыс орындары жарияланатын сайттардағы жүздеген хабарландырудан көрініп тұр, – деп жазады авторлар.