Байқоңыр мен Семей қауіп аймағында: тағы қандай қалаларда халық күрт азайған

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Елде халық саны күрт азайып жатқан қалалар белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2024 жылғы 1 сәуір мен 2025 жылғы 1 сәуір аралығында республикалық және облыстық маңызы бар 41 қаланың жартысында – нақтырақ айтқанда, 20 қалада – халық саны азайған. Ескерерлік жайт: бұл деректер – соңғы халық санағы қорытындыларына туу, өлім, тұрақты көшу деректері арқылы түзетіліп есептелетін ағымдағы бағалар.

ХАЛЫҚ САНЫ 

Халық саны ең қарқынды азайған қала – Қонаев. Мұнда тұрғындар саны бір жыл ішінде 8,2%-ға қысқарып, 65,9 мың адамға түскен. Екінші орында – Семей: -5,1%, қазіргі халық саны – 314,1 мың адам. Үшінші орында – Байқоңыр: мұнда халық саны 3,6%-ға азайып, 32,4 мың адам қалған.

ТӨМЕНДЕУ БАЙҚАЛАТЫН ҚАЛАЛАР

Соңғы бес жылда халық санының азаюы тұрақты байқалған екі қала – Семей мен Байқоңыр. Ал Қонаев жағдайында бұл, 2022 жылы маусымда қала Алматы облысының әкімшілік орталығына айналғаннан кейін болған уақытша халық өсімінің кейінгі қалыпқа түсуі ретінде бағаланады.

Басқа қалаларда халық санының қысқаруы салыстырмалы түрде әлсіз – 2%-дан төмен. Алайда бірнеше ерекшелік бар: Приозерск, Курчатов және Арқалық қалаларында бұл көрсеткіш -2,3% бен -2,7% аралығында. Айта кетейік, бұл үш қалада тұратын халық өте аз – барлығы 57,7 мың адам ғана.

ХАЛЫҚ САНЫ КӨБЕЙГЕН

Ал халық саны көбейген қалалар ішінде көшбасшы – Қосшы қаласы. Елордадан 20 шақырым жерде орналасқан Қосшыда халық саны бір жыл ішінде 8,3%-ға өсіп, 61,5 мың адамға жеткен. Еске сала кетейік, Қосшы 2021 жылдың шілдесінде ғана қала мәртебесін алған болатын.

Халық санының өсу қарқыны бойынша екінші орында – Астана. 2024 жылдың 1 сәуіріне қарай халық саны 6,9%-ға өсіп, 1,55 миллион адамға жеткен. Одан кейін Түркістан қаласы – +4,4%, қазіргі халық саны – 240,3 мың адам.

Айта кетерлік тағы бір дерек – ең ірі мегаполис Алматыда халық саны бір жыл ішінде 2,7%-ға өсіп, 2,3 миллион адамға жеткен. Дәл осындай өсім көрсеткішін республикалық маңызы бар тағы бір қала – Шымкент те көрсетіп отыр. Онда қазір 1,26 миллион адам тұрады.