Трамптың құдасы АҚШ-тың Франциядағы елшісі болып тағайындалды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

АҚШ сенаты Дональд Трамптың қызы Иванканың қайнатасы Чарльз Кушнердің кандидатурасын Франциядағы Америка Құрама Штаттарының елшісі қызметіне бекітті, деп жазады Ulysmedia.kz.

Кушнердің елші қызметіне тағайындалуын қолдап 51 сенатор дауыс берсе, 45-і қарсы шыққан. Ерекше назар аударарлығы — демократ Кори Букер бұл шешімді қолдаса, ал республикалық сенатор Лиза Мурковски оған қарсы дауыс берген.

ТРАМПТЫҢ ҚҰДАСЫ

Чарльз Кушнер – АҚШ президентінің күйеу баласы әрі Иванка Трамптың жұбайы Джаред Кушнердің әкесі. The Hill басылымының жазуынша, оның Францияға елші болып тағайындалуы бұрынғы қылмыстық ісіне қарамастан жүзеге асты. 2004 жылы Чарльз Кушнер салықтан жалтару, жалған куәлік беру және куәгерге қысым жасау сияқты 18 айып бойынша кінәсін мойындаған. Бұл істі сол кезде Нью-Джерси штатының федералдық прокуроры болған, кейіннен губернатор атанған Крис Кристи жүргізген. Ол бұл істі өзінің мансабындағы «ең жиіркенішті» істердің бірі деп бағалаған.