"Үйді депутат салған". Алматы облысындағы халық жанайқайын жеткізді

Сымбат Сатыбалдина
Видео кадры

Алматы облысындағы Абай ауылының тұрғындары үш жыл бұрын ғана салынған жаңа үйлерінің денсаулыққа зиян екенін айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҮЙДІҢ ЖАҒДАЙЫ

Тұрғындардың айтуынша, жаңа ипотекалық үй небәрі үш жыл ішінде қирап, ескіріп кеткен. Олар ай сайын 60-70 мың теңгеге дейін коммуналдық төлем төлейді, бірақ мұндай жағдайда тұру мүмкін емес дейді.

— Үйлердің қабырғалары жарылып жатыр, сыз бен көгеру жайлаған, сыртқы қасбеті үгітіліп түсе бастаған, — дейді тұрғындар.

ПӘТЕРДЕ ТІРКЕЛГЕН БЕЙТАНЫС АДАМДАР

Alatau news мәліметінше, кейбір пәтерлерде тұрғындардың өздеріне беймәлім 8 адамнан тіркелген. Бұл жағдай да халықтың наразылығын тудырған.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КҮДІГІ

Ауыл тұрғындары үйді "беделді" тұлға салған болуы мүмкін деген күдік айтып отыр.

– Айтуынша, үй бір депутатқа тиесілі, ал қалған адамдар – жай ғана тіркелген аты-жөні бар тұлғалар, – дейді тұрғындардың бірі.

БИЛІК УӘДЕСІНДЕ ТҰРМАДЫ

— Бізге кезінде құрылыс компаниясы мен әкімдік қызметкерлері келіп, бәрін жөндеп береміз деп уәде еткен. Бірақ содан бері үш жыл өтті, ештеңе өзгермеді, – дейді тұрғын әйел.