Қазақстаннан Шешенстанға экстрадициялануы мүмкін оппозиция белсендісі Мансур Мовлаев ашық мәлімдеме жасап, Қазақстан халқына және шешен халқына үндеу жолдады. Ол өзіне отанына қайтарылған жағдайда өлім қаупі төніп тұрғанын айтып, қолдау сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мовлаевтың айтуынша, Шешенстанда оған қысым жасалуы мүмкін, сондықтан елге оралу ол үшін қауіпті болуы мүмкін.
- Менің отандастарым – Шешенстандағы шешендер – мені ашық қолдай алмайды, өйткені олар да қуғындалуы мүмкін. Бұл жағдайды тек ТМД-дан тыс жерде тұратын шешендер ғана ашық айтып, көмектесе алады, – деді ол өз үндеуінде.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДАН ҚОЛДАУ
Қазақстан халқына арнаған үндеуінде Мовлаев тарихи шегініс жасай отырып, 1944 жылы шешен халқын құтқаруға көмектескен қазақ халқына алғысын білдіріп, бүгінгі таңда да сондай жанашырлық пен қолдау сұрайтынын айтты.
– Қазақ Елі, ауыр заманда менің халқымды аман алып қалдыңыздар. Біз бұл көмекті ешқашан ұмытқан емеспіз. Енді, арада жылдар өтсе де, сол халықтың ұрпағы ретінде тағы да сіздерден көмек сұрауға мәжбүрмін. Сол кезде халқымды құтқарған сіздер, бүгін менің өмірімді құтқара аласыздар, – деді Мовлаев.
Ол сондай-ақ Қазақстан халқынан қолдау сұрады.
– Қолдауларыңызды кез келген формада білдіруді сұраймын: бұл ақпараттық қолдау, флешмоб, немесе басқа да жолдар болуы мүмкін. Кеше менің ата-бабамды құтқарған Қазақстан, бүгін менің өліміне қатысушы болып кетпесін. Қазақ елі – біз үшін әрқашан екінші үй болған, – деп мәлімдеді.
ҚАМАУ
Еске салайық, бұған дейін адвокат Мұрат Адам Алматыда ұсталған шешен белсендісі Мансур Мовлаевтың 40 күнге қамалғанын хабарлаған болатын.
РЕСЕЙДІҢ ҚЫСЫМЫ
«Настоящее время» арнасының жазуынша, 2023 жылы Мансур Мовлаев Қырғызстанда жүрген кезінде Ресейге экстрадиция қаупі туындаған.