Біреудің ЭСҚ-сын пайдаланғандарға 780 мың теңге айыппұл: үкімет қайта ойланып жатыр

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Біреудің электронды сандық қолтаңбасын пайдаланған адамдарға 50 АЕК-тен (196 мың теңге) 200 АЕК-ке дейін (786 мың теңге) айыппұл салынатыны жөнінде талап биыл наурызда күшіне енген. Депутаттар бұған қарсы өре түрегелген еді. Жақында олардың уәжіне Қазақстанның қаржы министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТТАР НЕГЕ ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Жаңа айыппұл күшіне енгеннен кейін “Ақ жол” депутаттары бұл талап кәсіпкерлерге ғана емес, олардың қызметкерлері және бухгалтер қызметтерін көрсететін сыртқы мамандарға күрделі қиындықтар туғызатынын айтысқан. Олардың сөзінше, күнделікті жұмыс барысында қызметкерлер бизнестің жұмысына қажетті салық есебін өткізу, электронды шот фактураларға, кадрлық және кірме құжаттарға, іскерлік хаттар мен өзге операцияларға қол қою үшін жетекшінің рұқсатымен оның ЭСҚ кілтін пайдаланады. Енді жаңа айыппұл енгенненк ейін кілт иесі рұқсат бергенмен оның ЭСҚ-сын өзге біреудің пайдаланғаны үшін жауапкершілік көзделген. Депутаттар бұл жұмыс барысын тоқыратып, қосымша әкімшілік кедергілер туғызатынын айтады.

Ресми сайтта жарияланған цифрлық даму министрлігінің ұсыныстарында осы мәселені шешу үшін сенімхат рәсімдеу ұсынылған. Алайда бұл шаралар құзыреттілікті тапсыру мен өзге үрдістерді одан бетер қиындатады: заңды тұлғаларға сенімхаттарды фирмалық бланкілерде рәсімдеуге рұқсат берілген, ал, жеке кәсіпкерлер болса әр қызметкерге нотариалды сенімхат алуға міндетті. Депутаттар біреудің ЭСҚ-сын пайдаланғандарға жауапкершілікті мүлде алып тастау, кемі айыппұлды азайту керек дескен.

ҮКІМЕТТІҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Бұл сауалға жауап берген қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов жазаны қатаңдату жеке деректерді қорғауға және азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтеді.

Өзгерістердің тиімділігін бағалау үшін белгілі бір уақыт қажет, статистика жиналуы тиіс. Талдау жүргізілгеннен кейін ғана оларды сақтау, жеңілдету немесе жою туралы шешім қабылдауға болады (Әділет министрлігінің ұстанымы қоса беріледі). Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бүгінгі күні сұранысқа ұсынылмағанын хабарлаймыз. Осыған байланысты, көтерілетін мәселелер бойынша толық және жан-жақты түсініктеме алу үшін құзыретті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар министрлігінің ұстанымын алу қажет деп санаймыз, – дейді Біржанов.

Қаржы министрлігінің органдары бұған қоса әкімшілік істерді қарамайды.