Алматыда бір топ белсенді саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Есдәулет Қызырбекұлы

31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Алматыдағы Қарағайлы саябағындағы ескерткішке бір топ белсенді жиналып, репрессия құрбандарын еске алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Олар Совет заманында болған репрессия мен ашаршылыққа әлі күнге дейін мемлекет тарапынан әлі күнге дейін саяси-құқықтық баға берілмегенін айтты. Сондай белсенділердің бірі – Ғалия Әбулхатина. Ол саяси диссидент Арон Атабектің суреті бар жейде киіп келген. Әбулхатина тарих ақтаңдақтарының ашық айтылмаса, ол қайталанады дейді.

 Осы жерде [халық] жақсы өмір сүрсінші деген адамды түрмеге қамайды. Білмеймін неге екенін? Аштыққа, 1918, 1921, 1928 кәмпескелеуге, солардың барлығына баға берілген жоқ. Баға берілмеген нәрсе ол қайталана береді. Мысалы, 1986 жылға да баға берілген жоқ, статус берілген жоқ. Енді биыл деген 39 жыл болады. Келер жылы 40 жылда баға берілмеу деген бұл масқара. Жаңаөзенге баға беру керек. Ешқандай баға бермесе, бұл нәрсе қайталана береді, – дейді Ғалия Әбілхатина.

Ulysmedia тілшісі репрессия құрбандарын еске алуға келген саяси белсенді Аңсар Кәкиевпен де сөйлесті. Ол жиынға былтыр Украинада қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Айдос Садықовтың сурет бейнеленген жейде киіп келген. Кәкиев те елде әлі күнге дейін репрессия жалғасып жатыр дейді.

 Айдос Садықов шындықты айтып, қудаланып, Украинада жүрген азамат. «Ақылды билік халықтың наразылығымен күреседі. Ақылсыз билік халықтың өзімен күреседі» дейді. Осылар сияқты батырларды көтермелегеннің орнына, батырларды өлтіреді, – дейді Аңсар Кәкиев.

Ескерткішке жиналғандарды полиция сырттай бақылап тұрды. “Қарағайлы” саябағы маңында қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері де жүрді. 

Бұған дейін Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Астана, Өскемен, Шымкент, Павлодар, Петропавл сияқты қалалардың әкімдіктері 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға байланысты шеру өткізгісі келген белсенділерге рұқсат бермеген.

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып ресми түрде 1997 жылы бекітілді. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданып, әділетсіз жазаланған азаматтардың есімі ақтала бастаған.

2020 жылы Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған. Ол үш жыл жұмыс істеп, 2023 жылы қызметін аяқтаған. Комиссия төрағасы, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 2024 жылы желтоқсанда «ARA media» You Tube арнасына берген сұхбатында 2 миллионнан астам құжат пен іс құпиясыздандырылғанын айтқан.

1930-1933 жылдары Қазақстанда ашаршылықтан 1,5 миллион адамның қаза болғаны туралы айтылады. Қоғамда ашаршылықты «геноцид» деп тану қажеттігі туралы ауық-ауық айтылады. 1937-1938 жылдары болған жаппай репрессия төңірегінде де дау көп.