Екі алпауыт бір үстелде: әлем күткен диалог неден басталды

Самал Ибраева
коллаж Ulysmedia

Көзқарас, ишара, айтылған әр сөз – бәрі жүздеген камераның бақылауында. Бейжіңдегі журналистердің жаңалықтары қазір әлемдік ақпарат құралдарының басты назарында. Өйткені жұрттың бәрі Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуі әлемді алаңдатқан тұрақсыздықты азайтады деп үміттеніп отыр.

ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДА

Мен бұған дейін де осындай халықаралық деңгейдегі іс-шараларда жұмыс істеп, мәртебелі қонақтарды қалай қарсы алып, қалай қорғайтынын көргенмін. Бірақ қытайлықтардың бұл жолғы ұйымдастыруын бір сөзбен ғана сипаттауға болады – айрықша.

Келіссөздер маңындағы қауіпсіздік бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бейжіңнің орталығы ерекше бақылауға алынып, мемлекет басшыларының кортежіне ешкім кедергі келтірмеді – олар бос қалған көшелермен емін-еркін жүріп өтті. Тіпті астанадағы әрбір тұрғын ғана емес, әрбір бұтаға дейін маңайында қаншалық маңызды оқиға өтіп жатқанын сезетіндей әсер қалдырды.

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин соңғы рет 2017 жылдың күзінде кездескен еді. Содан бері әлем түбегейлі өзгерді. Сауда соғыстары, пандемия, технология үшін талас және әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыстар АҚШ пен Қытай қарым-қатынасын жаһандық саясаттың басты мәселесіне айналдырды.

Сондықтан халықаралық қауымдастық екі алпауыт елдің көшбасшылары дипломатиялық келіссөздер барысында ең маңызды сұраққа жауап таба ма деп күтуде. Олар өзара мәмілеге келіп, әлемді жаңа текетірестен сақтап қала ала ма?

Қарсы алу рәсімінен кейін көшбасшылар келіссөзді Халық жиналысы үйінің ішінде жалғастырды. Қытай тарапы сапар бағдарламасын кезең-кезеңімен ұйымдастырып, әрбір ұсақ-түйекке мұқият қараған. Келіссөздер бірнеше кезеңге бөлінді.

ДИПЛОМАТИЯНЫҢ ШЕШУШІ СӘТТЕРІ

Көшбасшылар арасындағы кездесу кешкі банкетте жалғасады. Ал ертең келіссөздер Қытай билігінің «жүрегі» саналатын Чжуннаньхай жабық кешенінде өтпек. Бағдарлама бойынша онда арнайы шай рәсімі ұйымдастырылып, одан кейін тараптар түскі ас үстінде келіссөзді қайта жалғастырады.

Мұның бәрі сырт көзге тосындау көрінуі мүмкін. Алайда Қытайдың саяси мәдениетінде символ, кездесулердің реті, тіпті әңгіменің атмосферасына дейін дипломатияның маңызды бөлігі саналады.

Сонымен қатар қытайлықтардың ұстамдылығы да анық байқалды. Иә, Бейжің ресми сапарға өте мұқият дайындалған. Барлық жерде құрмет сезілгенімен, артық әсірелеу болмады. Дональд Трамп бейнеленген алып экрандар да, достықты көрсететін даңғаза шаралар да ұйымдастырылмаған. Бұл сапар саяси шоуға емес, алдын ала жоспарланған іскер келіссөзге көбірек ұқсады.

Осы арқылы Қытай бір жағынан қонаққа құрмет көрсетті, екінші жағынан өз ұстанымына сенімді екенін де аңғартты.

Бұл тараптардың мәлімдемелерінен де сезілді. Айтпақшы, әңгімені алғаш болып жылы сөздермен бастаған – Дональд Трамп.

«Сіздің жаныңызда болу – мен үшін үлкен мәртебе. Сіздің досыңыз болғаныма қуаныштымын. Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да жақсы болады», – деді АҚШ президенті.

Қытайды жиі сынға алып жүрген Трамптың бұл жолғы жұмсақ мәлімдемесі көпшілікті таңғалдырмай қоймады.

Си Цзиньпин болса, Қытай дипломатиясына тән әдеттегі мәнерден айнымады – сабырлы, сенімді әрі эмоциясыз сөйледі. Ол Бейжің мен Вашингтон арасындағы сауда-экономикалық байланыстар екі тарапқа да тиімді екенін атап өтті.

«Біз жаһандық сын-қатерлерге бірге қарсы тұрып, әлемге көбірек тұрақтылық әкеле аламыз ба? Екі халықтың игілігі мен адамзат болашағы үшін екіжақты қарым-қатынастың жарқын келешегін бірге қалыптастыра аламыз ба? Бұл – тарих, бейбітшілік және халықтар үшін аса маңызды сұрақтар», – деді Си Цзиньпин.

Қытай басшысы АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағы ашылады деген үміт білдірді.

ТАРАПТАР ҰСТАНЫМЫНАН ТАЙМАДЫ

Алайда дипломатиялық мәлімдемелердің астарында маңызды ескерту де болды. Келіссөз барысында Қытай төрағасы Тайвань мәселесін арнайы көтеріп, бұл тақырыпқа қате көзқарас таныту АҚШ пен Қытай қатынасына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.

Бүгінде Тайвань – екі алпауыт мемлекет арасындағы ең қауіпті шиеленіс нүктелерінің бірі. Бұл мәселенің келіссөздің алғашқы кезеңінде-ақ ашық айтылуы өзара жылы сөздерге қарамастан, негізгі қайшылықтардың әлі де сақталғанын көрсетті.

Си Цзиньпин пен Қытай тарапы барынша жинақы әрі өзіне сенімді көрінді. Ал Дональд Трамп бұрынғыға қарағанда сабырлырақ әрі мәмілеге келуге дайын саясаткер екенін аңғартты.

Дегенмен басты сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр: екі держава сақ дипломатиядан нақты шиеленісті азайту кезеңіне өте ала ма?

«Сізбен бірге Қытай-АҚШ қатынастары атты алып кеменің бағытын айқындап, оны дұрыс басқару үшін бірлесе жұмыс істеуді асыға күтемін. 2026 жыл Қытай мен АҚШ қатынасында жаңа кезең ашатын тарихи әрі маңызды жыл болады деп сенемін», – деді Си Цзиньпин.

Оның айтуынша, тараптар «Қытай-АҚШ қатынастары мен конструктивті стратегиялық тұрақтылықты» қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге келіскен.

Бейжің осылайша әлемге анық белгі беріп отырғандай: Қытай енді ешкімнің көлеңкесіндегі кіші серіктес емес. Қытай Америка Құрама Штаттарымен диалогқа тек тең дәрежедегі мемлекет ретінде қатыспақ.