Баға, жұмыссыздық, табыс: депутат Қазақстандағы статистика жалған жасалып жүргенін айтты

Сырым Қаржас

Қазақстандағы ресми статистикалық мәліметтер бұрмаланған және олар нақты бағыт-бағдар беруден қалды. Бұл туралы мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Савельева бұл пікірін мәжілістегі үкімет сағатында айтты. Онда жалпы трансферттер мен бюджетаралық қатынастар мәселесі талқыланды. Депутаттың айтуынша, өңірлердің нақты қажеттілігі мен мүмкіндіктерін бағалау қиын, себебі статистикалық деректер шынайы емес. Ол ресми статистика мен ведомстволық деректердің арасында үйлесім жоқтығын, тіпті бір-біріне қайшы келетінін алға тартты.

Савельеваның айтуынша, негізгі көрсеткіштер — жұмыссыздық деңгейі, тұтынушылық баға индексі, өмір сүру сапасының индексі – бәрі әдістемелік тұрғыда бұрмаланған, сол себепті ел үшін нақты бағдар бола алмай отыр.

— Бұған ауыл шаруашылығына қатысты статистика жарқын мысал бола алады. Мал басы жөніндегі деректерде 5 миллионға жуық мал саны жалған көрсетілгені белгілі болды. Бұл жайт арнайы комиссия тексерісінен кейін анықталды. Оған дейін бұл проблеманы мемлекет басшысы көтерген болатын. Мұның өзі деректерді жинау тәсілдерін қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Себебі бұл мәліметтер мемлекеттік саясатты жоспарлау мен бағалауда қолданылады, – деді депутат.

Оның айтуынша, жалған статистика нақты негізге сүйенген трансферттерді қалыптастыруға кедергі келтіреді. Халықтың өмір сүру деңгейі төмендетіліп көрсетілсе, ол жеткіліксіз қаржыландыруға алып келеді. Керісінше, табыс жоспары асыра көрсетілсе, бұл жергілікті бюджеттерге шынайы жүктемені көрсетпейді. Ал баға индексінің бұрмалануы бюджеттің өмір сүру құнының өсуіне қаншалықты төтеп бере алатынын бағалауға мүмкіндік бермейді.

АУДИТ

Савельева ұлттық статистика бюросының жұмысына аудит жүргізуді ұсынды.

— Бұл тек есептеу әдістемесінің қазіргі экономикалық жағдайға сәйкестігін бағалау үшін ғана емес, сондай-ақ бюроның бюджет жоспарлау, өңірлік теңестіру және мемлекеттік саясаттың түпкілікті әсерін бағалауға арналған кеңейтілген аналитикалық функцияға көшуге дайындығын тексеру үшін де маңызды, — деп түйіндеді депутат.