Елге қайтарылған 5 миллиард теңгенің қайда кеткені белгілі болды

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Үкімет арнайы қордан аударылған 5 миллиард теңге Қостанай облысындағы су құбыры жүйесін салуға жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет мәліметінше, елге қайтарылған заңсыз шығарылған активтер есебінен нысандар құрылысы белсенді жүріп жатыр.

Қостанай облысының халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін арнайы қордан 5,4 миллиард теңге қаржы бөлінді, - делінген мәлімдемеде.

Тобыл

Қазіргі кезде Тобылда халықтың 87,9 пайызы ауызсумен қамтамасыз етілген. Оны 100 пайызға жеткізу үшін елді мекенде су құбыры жүйелерінің құрылысы басталған. Оның ұзындығы 100 шақырым. Оған қордан 1,4 миллиард теңге бөлінген.

Арқалық

872 миллион теңге Арқалық қаласына су құбырларын салуға бөлінген. Жоба 13 мың халқы бар қаланы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сумен қамтамасыз етуді 2025 жылы 96,5 пайыздан 100 пайызға жеткізеді.

Ауылдар

Су құбырларын Қарабалық, Денисов, Қостанай, Федеров аудандары мен Бейімбет Майлин, Молодежный ауылдары мен Арқалық қаласына су құбырларын салуға 3 миллиард теңге жұмсау жоспарлануда.

Бұған дейін қайтарылған заңсыз шығарылған активтер есебінен Ұлытау облысына су құбырлары салынатыны айтылған.

Сарапшылар кейінгі отыз жылда елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесін жиі сынайды. Олар “қыруар қаржыны қайтаруда ашықтық жоқ. Оның арты тағы да жемқорлыққа алып кетуі мүмкін” деп алаңдайды. Бұл мәселені кейбір депутаттар да көтеріп жүр. Олар да “заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша құрылған арнайы комиссия ашық есеп беруі тиіс” дегенді жиі айтады.