Жаңа салық кодексінде мобильді аударымдарға жеке назар аударылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
LS мәліметінше, Қаржы министрлігі Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктермен (ЕДБ) бірлесіп, қолданыстағы критерийлерді толықтырып, үш ай ішінде 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) (1,02 млн теңге) асатын кіріс мобильді аударымдар сомасын қосу туралы шешім қабылдаған.
Осылайша, мынадай редакция ұсынылып отыр:
«Бір жеке тұлғаның үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан банктік шотына ақша алуы, бұл соманың жалпы көлемі 12 ЕТЖ-дан (2025 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша – 1 020 000 теңге) асып кетсе... – деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Бұл критерийлер қазір Сенат қарауында. Олар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа салық кодексі аясында күшіне енуі мүмкін.
ТҮСІНДІРМЕ
– Бұл үш айлық күнтізбелік кезеңдегі жалпы сома, яғни айына шамамен 300 мың теңге. Бұл шекті мөлшерді Мемлекеттік кірістер комитетіндегі әріптестеріміз анықтады, әрі ол шартты түрде қауіпсіз деңгей деп есептеледі. Бұл мәселе көтерілді, шешімі талқыланып жатыр. Менің ойымша, бұл дұрыс шешім, – деді Қаржы вице-министрі Даурен Кенбейіл.
Одан әр ай сайын туыстарынан аударым алып тұратын қазақстандықтарға салық органдары тарапынан сұрақтар туындай ма деп сұралды.
– Егер сіз ешқандай кәсіпкерлік қызметпен айналыспасаңыз, салық органдарына бұл туралы түсіндіріп бересіз, сонда сізге қатысты ешқандай мәселе болмайды. Бұл 1 миллион теңгелік шек тек аударымдарды белсенді қолданатындарға қатысты. Бұл мониторинг көлеңкелі кәсіпкерлерді анықтау үшін қажет. Мұны дұрыс түсіну керек. Егер сіз бәрін адал жасап жүрсеңіз – ешкім сізге тиіспейді, – деп толықтырды ол.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың банктік аударымдарын жаппай тексеру елдің бүкіл қаржы жүйесіне қауіп төндіретінін мәлімдеген еді.