Қазақстанда кейбір кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін енгізу ұсынылды - олар кім

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда жасыл өнімге қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша жеңілдіктер енгізу ұсынылып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сенатор Ольга Булавкинаның айтуынша, ірі компаниялар экологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл төлегенді жөн көреді, себебі олар үшін ең озық қолжетімді технологияларды енгізу тиімсіз. Осы жағдайды өзгерту үшін сенатор бірқатар ұсыныстарын білдірді: жасыл өнім өндірушілерін төмен пайызды несиелермен қолдау және жасыл өнімге ҚҚС мөлшерлемесін азайту қажет. Сондай-ақ LS мәліметінше, сертификатталған жеткізушілердің тізілімін құру және экологиялық жабдықтарға мүлік салығын алып тастау мәселесін қарастыру ұсынылып отыр.

Сенатордың сөзінше, халықаралық инвесторлар экологиялық стандарттардың сақталуын талап етеді. Ал ең озық қолжетімді технологияларды енгізбейтін кәсіпорындар алдағы уақытта күрделі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ол модернизацияның жоғары құны мен инвестиция қайтарымының ұзақ мерзімі бизнесті «ыңғайлы жолды» таңдауға итермелейтінін, бұл өз кезегінде ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге ынтаның болмауына себеп болатынын атап өтті.

– Жасыл жеткізушілерге жеңілдетілген несиелер немесе салықтық демалыс арқылы қолдау қажет. Шығындардың 30–50%-ын шегерім арқылы өтеу ұсынылады. Жасыл өнімге ҚҚС-ты төмендету керек. Тәуелсіз сертификаттау арқылы экологиялық сипаттамаларды растай алатын жеткізушілердің тізілімін жасап, оларды мемлекеттік сатып алуға артықшылықпен қатыстыру керек. Сонымен қатар, экологиялық жабдықтарға мүлік салығын алып тастау мәселесін қарастырған жөн. Салалар бойынша ең озық қолжетімді технологиялардың типтік жобаларын әзірлеп, олардың өтелу мерзімін есептеп, құзыреттілік орталықтары арқылы бизнестің техникалық және кеңестік қолдау алуына мүмкіндік жасау қажет, – деп есептейді сенатор.