Ақмола облысында ер адам трактор дөңгелегінің астында қалып, көз жұмды

Сырым Қаржас
Ақмола облысы полиция департаменті

Ақмола облысында қауіпсіздік техникасының сақталмауы салдарынан ер адам трактор тиегіштің дөңгелегінің астына түсіп, қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Державинск қаласынан екі шақырым жерде Lunking маркалы дөңгелекті трактор тиегішінің қатысуымен қайғылы жол-көлік оқиғасы болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, трактор кабинасында бір ғана орын қарастырылғанына қарамастан, жолаушы сүзгі кассеталарының үстіне отырған.

Қозғалыс кезінде ол тепе-теңдікті жоғалтып, жолдың жүру бөлігіне құлап, артқы дөңгелектің астына түсіп қалған.

– Алған жарақатынан ер адам оқиға орнында жан тапсырған, – делінген хабарламада.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Трактор жүргізушісі оқиға кезінде мас болмаған. 

Қазіргі таңда бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Трактор арнайы тұраққа қойылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін 28 мамырда Алматы - Бішкек тасжолында КамАЗ-дың тіркемесі ажырап, жол апаты болғанын жазған едік. Салдарынан төрт адам қаза тапты. Оның ішінде алматылық жас мұғалім де бар.