«NU студенті емес»: Қорғаныс министрлігі әскерге күштеп әкету жағдайы заңды деп түсіндірді

Сырым Қаржас
vlast.kz

«Назарбаев Университеті студентін армияға күштеп әкеткен» деген ақпаратты Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

Министрлік әскер қатарына азаматтарды шақыру Конституциясы мен заңдарға, әскерге шақырудан кейінге қалдыру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүргізілетінін хабарлайды.

Қызметтен кейінге қалдыру құқығы тек колледждер мен жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын студенттерге ғана беріледі. Дайындық курстары, соның ішінде Назарбаев Университеті жанындағы дайындық курстары да, заңда көзделген ресми білім беру бағдарламасына жатпағандықтан, кейінге қалдыру құқығын бермейді. Аталған азаматты әскерге шақыру заң талаптарына толық сәйкес жүргізілген. Бұқаралық ақпарат құралдарын және әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз, – дейді министрлік.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Бұған дейін Эльмира Рамашева інісін Назарбаев университетінің дайындық курсын (Foundation) аяқтап, студент атанғанына қарамай, көшеден әскерге ұстап әкеткенін Qaz365.kz сайты жазған еді. Бұл ақпарат желіде қызу пікірталас туғызып, ата-аналар университет басшысына хат жолдаған.

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев оның алдындағы оқиғаларға түсініктеме беріп, жастарға “армиядан қашпаңдар” деп кеңес айтқан.