Алматыда бес адамның, оның ішінде бір баланың өмірін қиған өртке қатысты 37 жастағы әйел ұсталды. Ол жеке тұрғын үйге қасақана өрт қойды деген күдікке ілінді. Тергеу нұсқасына сәйкес, қайғылы оқиғаға жеке бас араздығы себеп болуы мүмкін. Полиция күдіктіні бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы анықтаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қайғылы оқиға 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданында болды. Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар бес адамның денесін тапты. Полиция қылмыстық істер қозғап, арнайы жедел-тергеу тобын құрды.
Тергеудің алдын ала қорытындысына сәйкес, үйге қасақана өрт қойылған болуы мүмкін. Полиция мұның себебі жеке бас араздығы болуы ықтимал деп отыр.
Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 37 жастағы әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұған дейін өрт салдарынан бес адамның, оның ішінде тоғыз жасар баланың қаза тапқаны хабарланған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмдардың екеуі Өзбекстан азаматы болған.
Тағы жеті адам зардап шеккен, олардың төртеуі – бала. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үш ересек адам мен екі бала үйіне жіберілген. Кәмелетке толмаған тағы екі бала ауруханада ем алып жатыр.
Қаза тапқандардың арасында Қостанайдан келген екі әйел де бар. Олар өртенген үйден бөлме жалдап тұрған. Марқұмдардың туысы Лаура Баукеева отбасының соңғы сәтке дейін олардың аман екенінен үміт үзбегенін айтты.
«Соңғы үмітіміз олардың тірі екеніне сену еді. Ауруханада жатқан шығар деп ойладық. Бірақ есімдері қаза тапқандардың тізімінен шықты. Денелері мәйітханада жатыр», – деді ол.
Күдікті ұсталғанға дейін үй иесі Қуаныш Кеңес өрттің әдейі қойылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Оның болжамынша, оқиғаға үй тұрғындарының бірінің бұрынғы сүйіктісінің қатысы болуы мүмкін. Ал арадағы келіспеушілік тұрмыстық жанжалдан туындаған көрінеді.
Қазір полиция жеке бас араздығы салдарынан қасақана өрт қоюды оқиғаның негізгі нұсқасы ретінде қарастырып жатыр. Алайда жанжалдың нақты неден туындағаны әзірге жарияланған жоқ.
Соталды тергеу жалғасып жатыр.