Рақымшылық туралы заңның ішінде Елбасы атауы әлі жүр

Аян Өрібай
rbk.ru

Рақымшылық туралы заң жобасы талқыланған мәжіліс отырысында депутат Қазыбек Иса не себепті әлі күнге дейін заңдарда "Елбасы – Тұңғыш Президент деген атау әлі жүр?" деп мәселе көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЗАҢ НЕГЕ ЖОЙЫЛМАҒАН

Депутат Қазыбек Иса мәжіліс отырысында Рақымшылық туралы заң жобасының 4-ші бабына назар аударды.

Онда рақымшылық заңы қолданылмайтын адамдар деп жазылыпты. Осының 13-ші тармағында былай дейді: Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының өміріне қолсұғушылық жайлы да кіргізілген. Осы жерде түсініксіз. Елбасы деген атау ең бірінші рет 2000 жылы 20 шілдеде 18 минуттың ішінде заңмен қабылданған. Бірақ 2023 жылы 11 қаңтарда мәжілістің 7-ші шақырылымы бұл заңның күшін жойды. Ендеше, бұл атау жаңа заңдарда неге Елбасы деп аталады? Неге экс-президент деп аталмайды? 2023 жылы қабылданған заң – ең соңғы заң емес пе еді? Кейінгі заң бұрынғы заңның күшін жоймай ма? – деп сұрады Қазыбек Иса.

Бұл сұраққа депутат Абзал Құспан жауап берді. Ол бұл мәселеден толық хабардар екенін айтты.

Айтуыңыз өте орынды. Конституция – иерархия бойынша ең жоғары тұратын заң болғаннан кейін оның астында кодекстер мен заңдар сәйкестендірілуі керек болатын. Бұл жұмыс 2023 жылдың сәуір айында менің қолыма қылмыстық заңнаманы жетілдіру туралы заңның жобасы келіп түсті. Екі апта бұрын Сенатқа жолданды. Сол заңның аясында қылмыстық кодекстің бұл бабында тиісті өзгертулер енгізілді. Елбасы – Тұңғыш Президент деген сөздер алынып тасталды. Заңға сәйкестендірілді. Күшіне енбегеннен кейін қолданыстағы заң бұл жерде қолданылып отыр, – деді ол.

ҚАНША АДАМ ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛАДЫ

Заң жобасын қорғаған депутат Абзал Құспанның айтуынша, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған сотталғандарды босату көзделеді. Атап айтқандай: 

  • қылмыстық теріс қылықпен онша ауыр емес қылмыстарды жасағандар;
  • зиян келтіруге әкеп соқпаған, ауырлығы орташа қылмыс жасаған не оны толық өтеген адамдар;
  • залалдың немесе азаматтық талаптың болғанына қарамастан ауырлығы орташа қылмыс жасаған, әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату көзделген. 

Түрмелер мен уақытша ұстау изоляторларында 40 мыңнан астам адам ұсталып отыр. Олардың 33 мыңы сотталған. 7 мыңы тергеу қамауындағы адамдар. Бұдан бөлек бас бостандығынан айыру жазасымен байланысты емес 27 мың адам пробация қызметінің есебінде тұр.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрғаан 9 мың адам қамтылады. Қылмыстық атқару мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған бостандыққа шығады, – дейді ол.

Депутат қылмыстық жазадан сонымен қатар жаза мерзіміне тек бір жыл қалған, оң мінездемесі бар 1700-ден астам азаматтар босап шығу көзделген. Ол өзгеріс заң жобасының екінші және үшінші баптарында көзделген. Пробация есебінде тұрған 5500 адамға жазаны саралау тәртібі қолданылады.

Сонымен қатар әлеуметтік осал адамдар санатындағы 629 адамның 57-і босап шықса, 572-нің мерзімі қысқартылады. 833 әйелдің 109-ы босап шықса, 724-нің мерзімі қысқыртылады. Заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасағандарға қолданылмайды.