БҚО-да бюджет қаражатына салынған үйлер шенеуніктердің салғырттығынан бос тұрған

Сырым Қаржас
Фото: "Мой город"

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қаражатқа салынған үйлер шенеуніктердің салғырттығы салдарынан пайдаланылмай тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Мой город» мәліметінше, БҚО прокуратурасының мәліметі бойынша Ақжайық ауданында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді бөлу саласында заңбұзушылықтар анықталған.

— 53 миллион теңгеге салынған 10 үй мемлекеттік меншікке тіркелмегені белгілі болды. Бұған себеп – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тарапынан жұмысына жауапсыз қарау. Атап айтқанда, нысандарды балансқа қою үшін қажет мемлекеттік қызметтер төленбеген. Соның салдарынан бұл үйлер құқықтық тұрғыдан реттелмеген күйде қалып, мақсатқа сай пайдалануға берілмеген, – деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.

Кейін бұл 10 үй мемлекеттік меншікке тіркеліп, заңдастырылған. Жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылған.

АҚША ЖЫМҚЫРУ

Еске салайық, бұған дейін шенеуніктер су астында қалған Атбасар тұрғындарын көшіруге бөлінген қаржыны жымқырғаны белгілі болды.